Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Танжарықова Самарқандта өтіп жатқан Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасында Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларына жанкүйерлік ететінін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Лиана Танжарықованың сөзінше, жарыс барысында оған «қай елге жанкүйерсіз?» деген сұрақ жиі қойылады. Алайда ол екі құраманы да өзіне жақын санайтынын атап өтті.
«Әйелдер арасында, әрине, Қазақстанға жанкүйермін. Қыздарымыз Бибісара Асаубаевамен бірге бар күшін салып, осы қонақжай елде алтын медаль жеңіп алуы керек.
Ал ерлер арасында Өзбекстан құрамасын қолдаймын. Команда жас, жігерлі әрі өте талантты шахматшылардан құралған. Жавохир Синдаровқа шын жүрегіммен жанкүйермін», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Лиана Танжарықова Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге келіп, өзбек махалласында өскенін де айтты. Сондықтан ол екі елдің шахматтағы жетістігін өзара бәсекелестік ретінде қабылдамайды.
«Мен үшін бұл бәсекелестік емес, бауырлас екі халықтың ортақ мерекесі», – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанның әйелдер құрамасы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасын сәтті бастап, алғашқы бес турда қатарынан жеңіске жетті. Қазақстандық шахматшылар Иордания, Колумбия, Грекия және Испания құрамаларынан басым түсті.