$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24

«Азаматтан бір шығады…»: Маңғыстауда аман қалған Ақжолдың анасы жан тебірентерлік жазба жариялады

Оның айтуынша, ұлы Ақжол қаза тапқан Азамат Мәдіханмен бала кезінен бері жақын дос болған.

Фото: әлеуметтік желі
Фото: әлеуметтік желі

Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз Ақжолдың анасы әлеуметтік желідегі парақшасында жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, ұлы Ақжол қаза тапқан Азамат Мәдіханмен бала кезінен бері жақын дос болған. Анасы ұлының аман қалғанына шүкіршілік еткенімен, оның жан досынан айырылуы ауыр тиіп отырғанын жазған.

"Шүкір Аллаға, балам аман. Сансыз шүкір.
Бір жағынан, баламның жан досы, кішкентайынан бірге жүрген досы сол қайғылы жағдайдан аман шықпай қалғаны жүрегімді ауыртып, ішімді айырды. Демімді терең ала алмай отырмын… Баламның көзіне қарап, өзім уайымдап отырамын. Ол да маған қарап, уайымдап тұрғанын білдірмеуге тырысады. Бірақ мен анамын ғой… сеземін.
Не айтарымды да білмеймін. Көңілін бөлуге тырысамын. Кішкентай кезін айтып, үйдегі қарындастарының қызықтарын айтып, әңгіме айтып отырамын. Бірақ айналып келіп, әңгімеміз бәрібір Азаматтан бір шығады…", – деп жазды ол.

Сондай-ақ сарбаздың анасы Ақжолдың қазіргі көңіл күйіне алаңдайтынын жеткізді.

"Баламның ішінде бір өкініш бар сияқты… Айтпайды. Мен де қазбаламаймын. Тек ана жүрегім баламның жанындағы сол ауыр сезімді сезіп тұр…
Балам аман қалғанына — Аллаға шексіз шүкір. Ал Азаматтың анасының жүрегіндегі қайғыны ойласам, өз жүрегім де ауырады… Бір ана баласының амандығына шүкір айтып отыр, бір ана баласын жоқтап отыр… Осыны ойласам, жүрегім тағы да ауырады. Ақжолдың амандығын күнде сұрап отырады жаным", – деді сарбаздың анасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 64
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 0