Бұл туралы Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Air China әуе компаниясы тамыз айының басынан бастап Астана мен Бейжің арасындағы рейстер санын аптасына алтыға дейін көбейтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жаңа кестеге сәйкес, рейстердің жартысы Астанадан Бейжіңге тікелей орындалса, қалған үшеуі Сиань арқылы жүзеге асырылады.
Астана – Бейжің бағытындағы тікелей рейстер сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері қатынайды. Ал Астана – Сиань – Бейжің бағыты бойынша ұшақтар дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері жолға шығады.
Рейс жиілігінің артуы жолаушыларға Қытайға, соның ішінде туристік және іскерлік мақсатта сапар жоспарлауға қосымша мүмкіндік береді.
Әуежай өкілдерінің айтуынша, әуе қатынасының кеңеюі Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік байланысын нығайтып, екі елдің туристік, экономикалық және іскерлік ынтымақтастығын дамытуға оң әсер етеді.
Air China – Қытайдың ұлттық әуе компаниясы әрі халықаралық Star Alliance авиациялық альянсының мүшесі. Оның негізгі хабы Бейжіңде орналасқан. Әуе тасымалдаушысы Қытайдың ғана емес, Азия, Еуропа және әлемнің басқа да өңірлеріндегі көптеген қалаларға рейстер орындайды.
2025 жылы Air China тобы шамамен 160 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен.
Айта кетейік, биыл күзде Астана мен Шанхай арасында тікелей әуе қатынасын іске қосу жоспарланып отыр.