Сондай-ақ ол партия атауының өзінде үлкен саяси мән жатқанын атап өтті.
Саясаттанушы Қазбек Майгельдинов Астанада өткен «Әділет» партиясының құрылтай съезіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сарапшының айтуынша, жаңа партияның құрылуы елдегі саяси процестердің жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Оның сөзінше, «Әділет» партиясының құрылуын жеке оқиға ретінде емес, конституциялық реформаның жалғасы ретінде қарастыру қажет.
«2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституция саяси модернизацияның жаңа кезеңін ашты. Ал “Әділет” партиясының пайда болуы – жаңарған Негізгі заңның логикасында қалыптасқан қоғамдық сұранысқа берілген алғашқы институционалдық жауап. Құрылтайшылар партияны жаңа Конституцияның орындалуына азаматтық бақылау жасайтын құрал ретінде көрсетіп отыр», – деді саясаттанушы.
Сондай-ақ ол партия атауының өзінде үлкен саяси мән жатқанын атап өтті.
“Әділет” атауының өзінен-ақ негізгі мағынасы байқалады. Құрылтайшылар әділеттілік, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс секілді құндылықтарды алға шығарып отыр. Бұл Президент ұсынған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасымен үндеседі", – деді Қазбек Майгельдинов.
Сарапшы партия құрамындағы түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің болуына да назар аударды.
«Құрылтайшылар арасында құқық қорғаушылар, медиа менеджерлер, ірі өнеркәсіп өкілдері, академиялық қауымдастық мүшелері мен бала құқықтары жөніндегі омбудсмен бар. Мұндай құрам партияның бір ғана әлеуметтік топтың немесе бизнес-кластердің мүддесін қорғайтын ұйымға айналу қаупін азайтады. Сонымен қатар бұл қалалық орта тап, өңірлік кәсіпкерлер мен білікті жастар арасында электоралдық әлеуетті күшейтеді», – деді ол.
Майгельдиновтің пікірінше, партияның құрылу уақыты да саяси тұрғыдан маңызды.
“Әділет” партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ бір палаталы парламент сайлауы қарсаңында пайда болды. Құрылтай съезі тіркеу рәсімінен өтіп, құрылым қалыптастырып, сайлау науқанына дайындалуға жеткілікті уақыт қалдырылған кезеңде өткізілді. Бұл олардың жаңа парламенттік циклдің толыққанды қатысушысы болуға ұйымдастырушылық тұрғыда дайын екенін көрсетеді, – деді саясаттанушы.
Сонымен бірге ол партияның алдағы уақытта нақты бағдарламалық ұстанымдарын көрсетуі маңызды екенін айтты.
"Партия енді жариялаған құндылықтарын нақты бағдарламалық бастамалармен дәлелдеуі керек. Яғни қандай заңнамалық өзгерістерді ұсынатыны, сот және құқық қорғау жүйесіндегі қандай реформаларды қолдайтыны, экономикалық әділеттіліктің қандай моделін қорғайтыны қоғам үшін маңызды сұраққа айналады", – деді Қазбек Майгельдинов.
Сөз соңында сарапшы «Әділет» партиясының алдағы сайлау кезеңіндегі рөлі Қазақстан саясатының болашақ архитектурасына әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.
"Партия жариялаған инклюзивтілік пен кәсібилік қағидаттарын сақтап, қоғамның нақты сұранысымен байланысын үзбесе, алдағы парламенттік циклдегі саяси процестерге елеулі ықпал етуі мүмкін", – деп түйіндеді ол.