Депутаттың сөзінше, егер жұмыс нәтижесіз болса, оны ашық мойындау мәдениеті қалыптасуы тиіс.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігіне қатысты өткір пікір білдірді. Оның айтуынша, атқарылмаған жұмысты жасырып, жалған есеп берудің соңы халық сенімінің әлсіреуіне әкеледі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Депутаттың сөзінше, егер жұмыс нәтижесіз болса, оны ашық мойындау мәдениеті қалыптасуы тиіс. «Жұмыс жүрмесе соны бүкпей айту керек. Міндет орындалмаса, ашық мойындау әлсіздік емес, керісінше жауапкершіліктің белгісі», - деді ол.
Ол бұл тұрғыда Жапония тәжірибесін мысалға келтірді. Айтуынша, онда мемлекеттік қызметкер нақты бір істі орындай алмаса, халық алдына шығып, кешірім сұрайды. Мұндай қадам лауазымды тұлғаның беделін түсірмейді, қайта сенімді күшейтеді.
Базарбек бұл талап барлық деңгейдегі басшыларға ортақ болуы керегін айтты. Комитет төрағасы, департамент басшысы, вице-министр, министр немесе өңір әкімі - қай-қайсысы да атқарған жұмысы үшін ашық есеп беруге міндетті.
Сонымен қатар депутат қоғамда ресми ақпараттың шынайылығына күмән күшейіп бара жатқанын атап өтті. Халық мемлекеттік органдар тарататын мәліметтің бәріне бірдей сене бермейді.
Оның еске салуынша, заң бойынша берілетін ақпарат нақты әрі шынайы болуы тиіс. Жалған немесе әдейі бұрмаланған дерек ұсынғаны үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Алайда бұл талаптар барлық жағдайда бірдей сақталып отыр деу қиын.
Сондықтан депутат мемлекеттік қызмет жүйесінде өзін-өзі сынай білетін, шындықты жасырмай айтатын мәдениет қалыптастыру қажет деген қорытынды жасады. Оның пікірінше, ашықтық күшеймейінше, қоғам мен билік арасындағы сенім толық орнықпайды.