$ 448.72 € 493.86 ₽ 5.49

«Актерлардың бәрі әнші»: Ақбота Керімбекова сахнадағы әділетсіздікке ренжіді (ВИДЕО)

Сондай-ақ кейде өнер жолын таңдамағанында, басқа мамандық иесі болғанында ғой деп өкінетінін жасырмады. 

Танымал әнші Ақбота Керімбекова қазіргі шоу-бизнестегі әділетсіздікке көңілі толмайтынын айтып, өнер саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. Өнер иесі кәсіби музыкалық білімі жоқ адамдардың үлкен сахнаға шығып жүргеніне қынжылатынын жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сондай-ақ кейде өнер жолын таңдамағанында, басқа мамандық иесі болғанында ғой деп өкінетінін жасырмады. Бұл туралы әнші Айнұр Асанбердінің «Әңгіме бар» подкастында айтты. 

Сұхбат барысында Ақбота Керімбекова әр маман өз саласының жауапкершілігін сезінуі керектігін атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде актерлер ән айтып, блогерлер сахнаға шығып жүр. Әнші мұндай жағдайды түсінгенімен, кәсіби білім мен жылдар бойғы еңбектің бағаланбай қалатынына қынжылады.

«Ер адам өз міндетін білсе, әйел жақ өз міндетін білсе, актер өз театрындағы міндетін білсе, бәрі орынды болар еді деген ой менде. Қазір актерлардың бәрі әнші, блогерлардың бәрі әнші. Дұрыс, өнері бар шығар. Кімнің жұлдыз болғысы келмейді? Әу демейтін қазақ жоқ қой. Бірақ қаншама жыл білім аласың, мұғалімдердің ұрысқанын естіп, таяғын жеп… Оңай емес өнерде оқу деген. Сөйтіп қаншама жылың еңбекпен, біліммен өтеді де, әшейін біреу келеді де, сен сахнаға шыққан кезде… Түсінесің, бірақ әділдік болмай қалған кезде налып кетемін», – деді әнші.

Әншінің айтуынша, кәсіби өнер жолында табиғи таланттың болуы жеткіліксіз. Нағыз маман болу үшін бірнеше жыл білім алып, ұстаздардың тәрбиесінен өтіп, тынымсыз еңбек ету қажет. Сондықтан ол сахнада әркімнің еңбегі әділ бағаланғанын қалайды.

Подкаст барысында жүргізуші Айнұр Асанберді әншінің бала кезінде өнер адамы болуды армандамағанын да сөз етті. Ақбота Керімбекова бастапқыда спорт саласына қызыққанын, тіпті дене шынықтыру факультетіне түскісі келгенін айтты. Алайда анасының кеңесінен кейін өнер жолын таңдаған.

«Иә, мен негізі еркек болып туылатын адаммын ғой. Ана баланы дүниеге әкеледі, бірақ мінез бен болмысты Алла ғана береді ғой. Кішкентайымнан еркекшора болып өскеннен бе, әкем мені ұл болады деп тілеген. Спорт саласында болғандықтан, мені кішкентайымнан спортқа баулыған. Физкультурныйға түсем деп армандағанмын. Сосын анам: "Қыз баласың, мен жетпегенге сен жет", – деп, өнер жолына келдім. Жаңағындай әділетсіздіктерді көргенде, неге басқа салаға кетпедім деп ойлаймын», – деп ағынан жарылды Ақбота Керімбекова.

Осылайша, әнші өнер жолын өз қалауынан гөрі анасының үмітімен таңдағанын аңғартты. Ал бүгінгі шоу-бизнестегі әділетсіздік оның кезінде басқа мамандық таңдамағанына өкінетін сәттерін көбейткен. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0