09.11.2026, 18:20

Қазақстан ауыр атлетикадан әлем чемпионатын бір медальмен аяқтады

Фото: ҰОК

Байрақты бәсекеде ел намысын жеті спортшы қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз бір күміс медаль жеңіп алды. 

Қазақстан құрамасы Қытайдың Нинбо қаласында өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында өнер көрсетуін аяқтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Байрақты бәсекеде ел намысын жеті спортшы қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз бір күміс медаль жеңіп алды.

Құрама қоржынына жалғыз жүлдені 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрғиса Әділетұлы салды. Ол жұлқа көтеруде 182 келіні, ал серпе көтеруде 217 келіні бағындырды. Қоссайыс нәтижесінде 399 келіні көтерген қазақстандық зілтемірші әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Сонымен қатар Нұрғиса Әділетұлы жұлқа және серпе көтеру жаттығуларының екеуінде де екінші орын алып, тағы екі кіші күміс медаль иеленді.

Бұдан бөлек, Қазақстан құрамасының сапында ең жоғары нәтижеге Алексей Чуркин қол жеткізді. Ол 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде төртінші орын алып, жүлдеге бір қадам жетпей қалды.

Любовь Ковальчук 86 келіден жоғары салмақта алтыншы орынға тұрақтаса, Артем Антропов 110 келіге дейінгі салмақта сегізінші орын алды.

Петр Хребтов (75 келіге дейін) 14-орынға жайғасса, Едіге Емберді (85 келіге дейін) 16-орынға табан тіреді. Ал Аянат Жұмағали (77 келіге дейін) жарысты 19-орынмен аяқтады.

Айта кетейік, Нұрғиса Әділетұлы бұған дейін 2024 жылы әлем чемпионы атанып, 2022 жылы күміс медаль жеңіп алған. Сондай-ақ биыл қыркүйек айында Аичи және Нагояда (Жапония) өткен жазғы Азия ойындарында жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілген.