07.11.2026, 05:30

«Әлі күнге дейін бағаланбай келе жатыр»: Меруерт Өтекешова қазақтың тағы бір «Қыз Жібегімен» кездесті (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешова мен «Гәкку» әнімен танылған әнші, мәдениет саласының ардагері  Мүнира Ижанова алғаш рет бірге сұхбат берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы “Alqa” радиосы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Сіз білмейтін, тасада қалған тағы бір “Қыз Жібек” бар… Бірі экранда “Қыз Жібектің” бейнесін сомдады. Екіншісі сыртында “Гәкку” әнін шырқап, сол бейнеге жан бітірді. Қазақ киносының тарихында өшпес із қалдырған қос өнер иесі – Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова мен “Гәкку” әнін орындаған талантты әнші Мүнира Ижанова тұңғыш рет бір сұхбат алаңында бас қосты! Жылдар қойнауында сақталған сырлар, көпшілік біле бермейтін деректер мен жүрекке жылы естеліктер…» – делінген жазбада.

Айта кетейік, Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильмінде басты кейіпкердің рөлін сомдаса, Мүнира Ижанова фильмде шырқалған әйгілі «Гәкку» әнін орындаған. Екі өнер иесінің кездесуі «Azan» және «ALQA» радиоларының бірлескен «Екеуі де – Қыз Жібек!» атты арнайы жобасы аясында ұйымдастырылған.

Көпшілік әншінің дауысын ерекше атап өтіп, оның өнеріне әлі де лайықты құрмет көрсетілуі керегін  жарыса жазды.

«Дауысы әдемі сақталыпты», «Әлі күнге дейін лайықты бағаланбай келе жатыр», «Сыңғырлаған дауысы өте керемет», «Бұл кісіге де көңіл бөліп, құрметке бөлесе екен», «Біреуі сұлулығымен, біреуі сыңғыр үнімен есте қалды», «Нағыз тарихи тұлға», «Әттең, Мүнира Ижанова туралы білмейтіндер өте көп», – деп жазды желі қолданушылары.