07.11.2026, 03:30

«Екі рет үйленіп, ажырасқан адаммын»: Медеу Арынбаев жеке өміріне қатысты құпиясын ашты (ВИДЕО)

Өмірден ерте озған жұбайынан екі баласы қалған.  

Бір адамды өмір бойы сүйіп өтуге бола ма? Бұл сұраққа әнші Медеу Арынбаевтың өмір жолы арқылы жауап табуға болады. Өмірлік жарынан айырылса да, оған берген уәдесіне адал болып, екі баласын жалғыз тәрбиелеп өсірген өнер иесі үшін махаббат – уақытпен өлшенбейтін, жүректе мәңгі сақталатын сезім, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Әнші Айгүлмен алғаш танысқан сәттен-ақ оның болашақ жары болатынын сезгенін айтады. Өмірден ерте озған жұбайынан екі баласы қалған. Медеу Арынбаев сүйіктісіне берген уәдесінде тұрып, балаларын өзі тәрбиелеп өсірген.

Әншінің айтуынша, жұбайы өмірден өтер алдында балаларын оған аманаттағандай әсер қалдырған. Сол сәтте Айгүл оған ұзақ қарап, күлімсіреген екен. Бұл көрініс өнер иесінің жадында мәңгі сақталып қалған.

Жақындарының қайта шаңырақ көтеру туралы кеңесіне де әнші өз ұстанымын білдіріп келеді. Бастапқыда мұндай әңгімелерге ренжігенімен, кейін әзілмен жауап беруді әдетке айналдырған. «Мен екі рет үйленіп, ажырасқан адаммын ғой», – деп қалжыңдайтынын айтқан ол Айгүлге берген уәдесін орындағанын атап өтті.

Медеу Арынбаев үшін махаббаттың басты негізі – өзара сенім. Оның пікірінше, екі адам бір-біріне толық сенуі керек. Сенім болмаған жерде шынайы махаббат та болмайды. Әнші өзінің өмірлік жарына деген сезімінің әлі күнге дейін жүрегінде сақталуын да осы сеніммен байланыстырады.

Жақында 60 жасқа толатын өнер иесі үшін адалдық пен уәдеге беріктік – өмірлік ұстанымдарының бірі. Оның тағдыры бір адамды өмір бойы сүюге болатынын көрсететін әсерлі оқиғалардың бірі.