09.11.2026, 14:10

Тоқаев бір топ қазақстандық спортшыны марапаттады

Фото: Ақорда

Атап айтқанда, каратэден алтын медаль иегері Софья Берульцева «Парасат» орденімен марапатталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия параойындарында жоғары нәтиже көрсеткен бір топ қазақстандық спортшыны мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мемлекет басшысының 2026 жылғы 9 қарашадағы Жарлығына сәйкес, XX жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға мемлекеттік наградалар табысталды.

Атап айтқанда, каратэден алтын медаль иегері Софья Берульцева «Парасат» орденімен марапатталды.

Ал «Құрмет» орденіне велоспорттан екі алтын медаль жеңіп алған Алексей Луценко, семсерлесуден топтық жарыста чемпион атанған Кирилл Проходов пен Ерлік Сертай, сондай-ақ академиялық есуден алтын медаль иеленген Иван Чернухин мен Владислав Яковлев лайық деп танылды.

Бұдан бөлек, бірқатар спортшы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олардың қатарында каратэші Жоламан Биғабыл, паравелоспортшылар Наиль Ермұханбет пен Анастасия Калаус, паражүзуші Диас Кенжебек, парадзюдошылар Бексұлтан Құлмырза, Ибрагим Нұрмаханұлы мен Ақтолқын Сейілбекова бар.

Сондай-ақ марапатталғандар қатарында велоспортшы Рината Сұлтанова, таеквондошы Тамирлан Тілеулес, семсерлесуші Вадим Шарлаимов және аралас жауынгерлік жекпе-жек шеберлері Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев бар.

Осылайша, Президент халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жоғары спорттық жетістіктерге жеткен спортшылардың еңбегін мемлекеттік деңгейде атап өтті. 

Тегтер: Ақорда