Президент «Дунга» кен орны, Solidcore, бірлескен инвестициялық қор, қонақүйлер мен курорттар салу секілді бірқатар жобаны атап өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид Астанада кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанының Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретінін айтты.
Президент Қазақстанның Оманды уақыт сынынан өткен сенімді серіктес ретінде бағалайтынын атап өтті.
Келіссөз кезінде Тоқаев Хайсам бен Тариқ Әл Саидті Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
«Екі халық арасындағы достық пен өзара қолдаудың символы ретінде Сізді мемлекеттік ең жоғары марапат – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар тараптар энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, IT, цифрландыру, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр.
Президент «Дунга» кен орны, Solidcore, бірлескен инвестициялық қор, қонақүйлер мен курорттар салу секілді бірқатар жобаны атап өтті.
Бүгін Астанада Қазақстан–Оман бизнес-форумы да өтіп жатыр. Кәсіпкерлер инвестиция, логистика, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобаларды талқылауда.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келесі жылы Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қатынастарға 35 жыл толады. Енді тараптар саяси байланысты нақты экономикалық жобалармен нығайтуды жоспарлап отыр.