$ 447.85  513.46  5.31

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қошановтың мемлекеттік қызмет пен парламенттегі көпжылдық тәжірибесін атап өтті. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтіп, оның барысында Кеңес төрағасын тағайындау мәселесі қаралды. Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы қызметіне Ерлан Қошанов тағайындалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қошановтың мемлекеттік қызмет пен парламенттегі көпжылдық тәжірибесін атап өтті.

Бұған дейін Президент Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіткен болатын. Кеңес құрамына барлығы 126 адам кірді. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ғалымдар, журналистер, кәсіпкерлер мен спортшылар бар.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына Ерлан Қошановпен қатар Бағдат Мусин, Нұртай Сабильянов, Дәурен Абаев және басқа да қоғам мен мемлекет өкілдері енді.

Ерлан Жақанұлы Қошанов 1962 жылғы 14 тамызда Жезқазған облысының Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Ол – мемлекеттік және саяси қызметте ұзақ жылдар еңбек еткен қайраткер.

1984 жылы Қарағанды политехникалық институтының Жезқазғандағы филиалын «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін экономикалық білім алған.

Еңбек жолын 1986 жылы «Жезқазғантүстімет» байыту фабрикасында слесарь болып бастаған. Кейін комсомол ұйымдарында, сыртқы экономикалық байланыс және мемлекеттік басқару салаларында қызмет атқарды.

Әр жылдары Сенат депутаты, Үкіметтің Парламенттегі өкілі, Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары, Көлік және коммуникациялар вице-министрі және Премьер-министр Кеңсесінің басшысы болды.

2017–2019 жылдары Қарағанды облысының әкімі, 2019–2022 жылдары Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды.

2022 жылы Мәжіліс төрағасы болып сайланды. 2023 жылы VIII шақырылымдағы Мәжілістің төрағасы болып қайта сайланды.

2026 жылы конституциялық өзгерістерден кейін Қазақстандағы мемлекеттік басқару құрылымы жаңартылды. Осы кезеңнен кейін Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#АҚОРДА