Қайғылы жағдай Тбилисидің шетіндегі Квемо-Поничала ауданында болған.
Грузия астанасы Тбилисидегі бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болды. Салдарынан алты адам қаза тапты. Елде аза тұту күні жарияланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қайғылы жағдай Тбилисидің шетіндегі Квемо-Поничала ауданында болған. Бес қабатты тұрғын үйде газбен жұмыс істейтін жылытқыш жарылған.
Грузия ІІМ мәліметінше, жарылыс жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00 шамасында болған. Оған жылытқыштың ақауы салдарынан пәтерде газ жиналып қалуы себеп болған. Жарылыс толқынынан шатырдың бір бөлігі қирап, қабатаралық жабындар опырылып түскен.
Қаза тапқандар арасында үш әйел, бір ер адам және екі бала бар.
Үйінді астында барлығы жеті адам қалған. Тек үш жасар баланы құтқару мүмкін болған. Тағы төрт зардап шегуші ауруханаға жатқызылған, олардың бірінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Іздеу-құтқару операциясы аяқталған.
Кейінірек Грузия үкіметі Квемо-Поничала ауданында алты адамның қаза табуына байланысты 22 қарашаны аза тұту күні деп жариялады.