Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында агроөнеркәсіп кешенінің соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталып, ауыл мен шаруаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілген. Атап айтқанда, азық-түлік өндірісі 28 пайызға артқан. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылған.
Сонымен қатар агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты екі есе өсіп, 7 миллиард долларға жуықтаған. Оның ішінде өңделген өнімнің үлесі 52 пайызға жеткен.
Президент былтыр соңғы жиырма жылда алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілгенін еске салды. Санақ барысында цифрлық технологиялар қолданылып, саланың нақты жағдайын көрсететін жан-жақты деректер жинақталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор екенін атап өтіп, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесіне назар аударды.
Оның айтуынша, соңғы жылдары ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалардың саны көбейген. Олардың қатарында «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және басқа да жобалар бар.
Президент бұл бастамалардың әрқайсысы белгілі бір мәселені шешуге бағытталғанымен, олардың іс жүзінде қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатқанын анықтау қажеттігін айтты.
«Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Үкіметке ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған барлық бағдарламаны жан-жақты талдау тапсырылды. Мемлекет басшысы әр жобаның нақты мақсаты мен міндеті болуы керектігін баса айтты.
Сондай-ақ бағдарламалар шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға нақты ықпал етуі тиіс. Президент бұл мәселенің мемлекеттік қаражатты тиімді әрі үнемді пайдаланумен тікелей байланысты екенін атап өтті.