$ 444.16 € 487.29 ₽ 5.4

Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы тау-кен металлургия кешенінің жүйе құраушы кәсіпорындарын аралады

Фото: Үкімет
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен, ірі өндіріс орындардың қызметімен және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Өнеркәсіпті дамыту және еліміздің өндірістік әлеуетін нығайту – Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттардың бірі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Премьер-министр Хромтау ауданында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС (Көктау ауылы) мыс және мыс-мырыш кендерін өндіру және байыту кәсіпорнына, Eurasian Resources Group компаниялар тобының (Хромтау қаласы) кәсіпорнына барды.

«Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС өндірістік алаңында Олжас Бектенов кен байыту фабрикасы мен мыс концентратын өндіретін тау-кен байыту комбинатының жұмысымен танысты. Күрделі кендерден мыс пен мырышты пайдалы компоненттердің жоғалуын барынша азайта отырып, тиімді бөліп алуға мүмкіндік беретін селективті және ұжымдық-селективті флотация технологиялары көрсетілді. Кәсіпорында өндіріс өнімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Флотация операторының цифрлық көмекшісі» және тау-кен көлігін басқарудың автоматтандырылған жүйесі секілді цифрлық отандық әзірлемелерде қолданылады.

«Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас директоры Фарит Суфьянов зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 млн тонна кенді өңдеуге жететінін айтты. Кәсіпорын өз жұмысын бастағалы бері өндірісті дамытуға 407 млрд теңге инвестицияланған, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Қазіргі уақытта серіктестік «Октябрьге 50 жыл» және «Приорское» кен орындарында жерасты кеніштерін салу, сондай-ақ «Лиманное» кен орнында өндіру жұмыстарын кеңейту бойынша жобаларды жүзеге асыруда. Бұл кәсіпорынның шикізат базасын кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жаңа жобаларды қосқанда инвестициялардың жиынтық көлемі екі есеге артып, 800 млрд теңгеден асады.

«Қазхром» ТҰК» АҚ аумағында (ERG тобына кіреді) Премьер-министр өндірістік көрсеткіштермен, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен және ERG тобының Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарын одан әрі дамыту жоспарларымен танысты. ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев төрт негізгі бағытты қамтитын, жалпы инвестиция көлемі $3,4 млрд болатын жаңа инвестициялық жобалар туралы хабардар етті, олар: құны $1,3 млрд болатын алюминий кластерін құру, $1 млрд-қа жуық қаражатқа энергетиканы дамыту, $800 млн-нан астам қаржыға «Болашақ» шахтасының екінші және үшінші кезектерін салу, сондай-ақ құны $300 млн болатын темір кен байыту фабрикасын салу.

Алғашқы нысандарды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда: қазіргі уақытта автомобильдің алюминий дискілерін шығару зауыты жобалануда болса, одан бөлек Ақтөбеде кәдеге жарату электр стансасын салу және галлий өндірісін іске қосу жобалары жүзеге асырылмақ. 2028 жылы Ақсу электр стансасының №7 энергоблогын іске қосу және Павлодар алюминий зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңін аяқтау жоспарлануда. 2029 жылы «Тассай» жел электр стансасын, темір кен байыту фабрикасын іске қосу, Павлодар алюминий зауытын жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтау және ҚЭЗ-2 жаңа электролиз зауытын салу көзделген. 2030 жылы Шымкент ЖЭО-3-те газ турбиналық қондырманы іске қосу, 2034 жылға дейін «Болашақ» шахтасының екінші және үшінші кезеңдерін толық жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Премьер-министрге 2027 жылдың соңына қарай отандық алюминийден жылына 500 мыңға дейін автомобиль дискілерін өндіру жөніндегі жоспарлар туралы баяндалды. Өнімдер соның ішінде тиісті меморандумдар жасалған Astana Motors және Hyundai автоөндірістік компанияларына бағдарланатын болады.

Олжас Бектенов өңірлерде өнеркәсіптік негізді дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, сайып келгенде, қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Осыған байланысты аумақтардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру және олардың экономикалық әлеуетін нығайту мәселелері айрықша маңызға ие. Отандық кәсіпорындарды дамыту, өндірістік қуаттарды кеңейту және қосылған құны жоғары өнімдер шығару үшін қолайлы жағдай жасауға баса мән беру қажет», — деп атап өтті Премьер-министр. 

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Премьер-министр кәсіпорындарды одан әрі технологиялық жаңғырту мен минералдық шикізатты өңдеуді тереңдетуді тапсырды. Ірі компаниялардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға, отандық өндірушілермен сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерімен ынтымақтастықты кеңейтуге баса назар аударылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0