Оңтүстік өңірлерде өрт қаупі сақталады.
18 қарашада Қазақстанның бірнеше өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. Синоптиктер қар жауып, бұрқасын соғатынын, көктайғақ пен тұман болатынын ескертті. Кей аймақтарда желдің екпіні секундына 30 метрден асуы мүмкін. Сонымен қатар елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Дауылды ескертуге сәйкес, ауа райы әсіресе солтүстік өңірлерде күрт нашарлайды. Солтүстік Қазақстан облысында қар, бұрқасын, көктайғақ және тұман болжанады. Желдің жылдамдығы секундына 15-28 метрге дейін жетеді.
Ақмола және Қостанай облыстарында жауын-шашын, қар, көктайғақ пен тұман күтіледі. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Батыс Қазақстан облысында жауын-шашын, көктайғақ және тұман болса, Ақтөбе облысында жаңбыр мен қар жаууы мүмкін.
Орталық өңірлерде де ауа райы қолайсыз болады. Қарағанды облысында тұман түсіп, желдің жылдамдығы секундына 15-18 метрге жетеді. Ұлытау облысында жауын-шашын, көктайғақ және тұман күтіледі.
Атырау мен Павлодар облыстарында тұман болжанса, Маңғыстау облысында жел күшейіп, секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында да тұман түсіп, осындай жылдамдықпен жел соғуы ықтимал.
Оңтүстік өңірлерде өрт қаупі сақталады
Солтүстік пен орталықта қар мен көктайғақ күтілсе, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда жоғары өрт қаупі әлі де сақталып отыр.
Қызылорда облысында жауын-шашын, көктайғақ және тұман болжанады. Сонымен бірге өңірде жоғары өрт қаупі бар.
Алматы облысында тұман түсіп, таулы аудандарда желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Кей жерлерде екпіні секундына 25 метрге жетуі мүмкін. Облыстың солтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысының Алакөл ауданында желдің екпіні секундына 30 метрден асуы ықтимал. Таулы аймақтарда тұман күтіледі. Ал 18-20 қараша аралығында облыста жоғары өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысында жауын-шашын, тұман және көктайғақ болжанып отыр. Таулы аудандарда жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Алматыда тұман түседі
18 қарашада Алматы қаласында да тұман күтіледі. Іле Алатауының таулы аймақтарында, соның ішінде Медеу және Бостандық аудандарында тұман түсіп, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Осыған байланысты жүргізушілерге жолға шыққанда сақ болу, көктайғақ пен көріну деңгейінің төмендеуін ескеру ұсынылады.