Ресейдің Кемерово облысындағы Ягуново ауылы маңында ұшақ апатқа ұшырады. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жеткен. Қаза тапқандар бар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Облыс губернаторы Илья Середюк авиациялық оқиғаның болғанын растап, оқиға орнына өзі де жолға шыққанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр, ал өңір тарапынан қажетті көмек көрсетілуде.
«Ягуново ауылының маңында авиациялық оқиға болды. Оқиға орнына бара жатырмын. Қазір мұнда жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Өңір тарапынан қажетті көмек көрсетілуде», – деп жазды губернатор.
Mash Telegram арнасы таратқан мәліметке сәйкес, апатқа ұшыраған ұшақ – Ан-12. Алдын ала мәлімет бойынша, 19 адам қаза тапқан.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ұшақ әуеде келе жатқанда өртеніп, кейін күрт төмен құлдилап, жерге құлаған кезде жарылған.
«Бортта экипаж мүшелерімен бірге 19 адам болған. Олардың барлығы қаза тапты», – деп мәлімдеді Ресей Қорғаныс министрлігі.
Кемерово облысының губернаторы Илья Середюк оқиға орнына барды. Апат болған аумақта жедел штаб құрылып, құтқарушылар, медицина қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының мамандары жұмылдырылды.
Ұшақ құлаған жер қоршауға алынды. Мамандар әуе кемесінің сынықтарын зерттеп, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.
Ресей Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, Ан-12 ұшағының апатына техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Апаттың нақты себебі тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін апат орнына Ресей Әуе-ғарыш күштерінің комиссиясы жіберілді.
Ресей Тергеу комитетінің Бас әскери тергеу басқармасы ұшақтың құлауына байланысты қылмыстық іс қозғады.
Тергеушілер апаттың себептерін анықтап, әуе рейстерінің қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеруі керек.