Алина Таиландқа саяхаттауды жоспарлап, оған ұзақ уақыт дайындалған.
Интернет арқылы танысқан астаналық жігіт пен қыздың қарым-қатынасы қайғылы жағдаймен аяқталды. Ер адам бойжеткенді пәтерінде тұншықтырып өлтіріп, кейін оның банк шотындағы ақшаны иемденген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, Алина мен Владислав биыл қаңтарда интернет арқылы танысып, кездесе бастаған. Алайда уақыт өте келе қыз жігіттің өзіне лайық емес екенін түсініп, бұл туралы әпкесі мен тәтесіне айтқан. Кейін қарым-қатынасын тоқтатқан.
Алина Таиландқа саяхаттауды жоспарлап, оған ұзақ уақыт дайындалған. Ақша жинап, жолға шығар алдында жаздық киімдер де сатып алған. Алайда армандаған сапары жүзеге аспады.
4 ақпанда екеуі қайта кездесіп, бірнеше жерге барған. Сыра ішкеннен кейін Алинаның уақытша тұрып жатқан пәтеріне барған. Сол жерде Владислав бойжеткенді тұншықтырып өлтірген.
Одан кейін ол марқұмның банк шотындағы ақшаны досының есепшотына аударып, ештеңе болмағандай такси шақырып, көңіл көтеруге кеткен. Досы ақшаның не үшін аударылғанын сұрағанда, смайликпен жауап берген.
Келесі күні Владислав досынан ақшаны қолма-қол шешіп беруін өтінген. Ол осы қаражатпен Таразға кетпек болғанымен, жолда полиция қызметкерлері оны ұстады.
Алинаның әпкесі бойжеткен қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеген соң, құрбысымен бірге пәтеріне барған. Сол кезде марқұмның денесі табылған.
Владислав Андрюшкин ақшаны ұрлағанын мойындағанымен, адам өлтіру айыбын абайсызда өлімге әкеп соғу бабына ауыстыруды сұраған. Алайда судья Саят Ташимбаев қылмыстың қасақана жасалғаны туралы қорытындыға келіп, оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енген.
Алинаның әпкесі Александра тағайындалған жазаға көңілі толмайтынын жеткізді.
"Бір күні ол түрмеден шығып, жақындарының жанына оралады, өмір сүруін жалғастырады. Ал менің сіңлім мәңгілік қара жердің астында қалды", – деп жазды марқұмның жақыны.
Оның пікірінше, адам өлтіргені үшін тағайындалған жаза қылмыстың ауырлығына сай болуы керек.