Астана әуежайында Мәскеуден ұшып келген ұшаққа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түскен. Осы жағдайдан кейін мамандар әуе кемесін шұғыл тексерді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға 10 қараша күні болған. Мәскеу – Астана бағытымен ұшып келген әуе рейсі қонғаннан кейін оқиға орнына шұғыл қызметтер мен кинолог мамандар жеткен. Ұшақтың салоны мен жүк бөлігі мұқият тексерілді.
Құқық қорғау органы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
«Биылғы 10 қараша күні Астана әуежайына түскен хабарламаға байланысты тексеру жүргізілді. Мәскеу – Астана бағытымен ұшып келген әуе кемесінің салонын тексеру барысында жарылғыш заттар мен өзге де тыйым салынған заттар табылған жоқ. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстау үшін іздестіру шаралары жүріп жатыр», – деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.
Қазір жедел қызметкерлер жалған хабарлама авторының кім екенін анықтап жатыр. Мұндай «әзіл» үшін кінәлі адам ірі көлемде айыппұл арқалауы немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.