09.11.2026, 17:00

Түркістанда екі әйел балалар алаңында бір-бірін соққыға жықты (ВИДЕО)

Фото: видеодан скрин

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. 

Түркістандағы Turan Mall сауда орталығында орналасқан балалар ойын алаңында екі әйел төбелесіп қалды,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. 

Желі қолданушыларының мәліметінше, жанжал 7 қараша күні «Балу» балалар ойын алаңында болған.

Видео авторының айтуынша, қысқа шашты әйел басқа әйелдің баласын қағып кеткен. Бұған наразы болған баланың анасы оның жанына барып, әрекетінің себебін түсіндіруді талап еткен.

Сондай-ақ видео авторы телефонының қуаты таусылып қалғандықтан, түсірілімді төбелесте соққы алған әйелге көрсете алмағанын жазған.

Желіде тараған кадрлардан әуелі екі әйелдің сөйлесіп тұрғанын байқауға болады. Кейін олардың бірі қысқа шашты әйелді итеріп жібереді. Бұған жауап ретінде екінші әйел жұдырық ала жүгірген.

Оқиғаға қатысты Түркістан облысының полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Түркістан қаласындағы сауда орталықтарының бірінің ойын алаңында болған жанжалға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, екі әйелдің арасында жанжал туындап, оның соңы бір қатысушының дене жарақатын алуымен аяқталған. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны басқармаға жеткізді. Қазір оның қатысуымен қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.