$ 448.61 € 503.83 ₽ 5.48

Kaspi.kz медициналық ұйымға тіркелу қызметін іске қосты

Енді медициналық ұйымға Kaspi.kz қосымшасы арқылы жылдам әрі ыңғайлы тіркелуге болады.

Фото: kaspi.kz
Фото: kaspi.kz

Қазақстандықтар тегін қызмет алу үшін медициналық ұйымды өздері таңдай алады. Жыл сайын миллиондаған азамат осы құқықты пайдаланады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Енді медициналық ұйымға Kaspi.kz қосымшасы арқылы жылдам әрі ыңғайлы тіркелуге болады.

Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі:

«Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, адамдардың күнделікті мәселелерін оңай шешуге көмектесетін сервистерді жасап келеміз. Қазірдің өзінде Kaspi.kz қосымшасында тұрғылықты жері бойынша тіркелуге, мемлекеттік жәрдемақылар мен зейнетақыларды рәсімдеуге, баланың тууын тіркеуге, автокөлікті қайта рәсімдеуге, анықтамалар алуға және басқа да көптеген мемлекеттік қызметтерді пайдалануға болады. Енді медициналық ұйымға тіркелу де осындай оңай әрі ыңғайлы болды. Ынтымақтастық үшін Денсаулық сақтау министрлігіне, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-на алғысымызды білдіреміз. Барлық сүйікті клиенттерімізге зор денсаулық тілейміз!»

Ербол Оспанов, Денсаулық сақтау вице-министрі:

«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және оларды алу процесін жеңілдету бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Kaspi.kz қосымшасы арқылы медициналық ұйымға тіркелу сервисінің іске қосылуы – цифрлық денсаулық сақтау жүйесі мен мемлекеттік сервистерді дамытудың тағы бір маңызды қадамы.

Жаңа сервис азаматтарға медициналық ұйымды таңдау құқығын қашықтан жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл шешім Денсаулық сақтау министрлігі, Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Kaspi.kz - тің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды.

Мемлекеттік қызметтерді алудың цифрлық арналарының кеңеюі олардың азаматтар үшін қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыратынына сенімдіміз».

Тегін медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетіледі.

Азамат бір уақытта тек бір медициналық ұйымға ғана тіркеле алады. Таңдауға қолжетімді медициналық ұйымдардың тізімін мемлекеттік органдар айқындайды.

Kaspi.kz қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде қай медициналық ұйымға тіркелгеніңізді білуге, МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді тексеруге, сондай-ақ жаңа емхана мен емдеуші дәрігерді таңдауға болады.

Жаңа сервис туралы толығырақ ақпаратты Kaspi Гид бөлімінен оқи аласыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0