Ақбаянға әлі ұзақ уақыт емделу қажет.
Бұрынғы күйеуі төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі жағдайы туралы алғаш рет айтып берді. Ол ата-анасынан, бауыры мен әпкесінен айырылғанын әлі білмейді. Қазір әйел жақындарының ортасында тұрып, оңалту курсынан өтіп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Туыстарының айтуынша, Ақбаянға әлі ұзақ уақыт емделу қажет. Жақындары оның қалыпты өмірге бейімделуіне көмектесіп, оңалту шараларына апарып жүр. Алайда марқұм болған туыстары туралы сұрақ қоя ма деп алаңдайды.
«Мамандар оның шындықты естуге әлі дайын емес екенін айтты. Әзірге ештеңе айтпаймыз. Ертең бәрін жайып салсақ, оның жағдайы не болмақ? Қайтадан жанын жаралап алмаймыз ба? Сондықтан әзірге күтіп отырмыз. Ең бастысы, аяғына тұрып кетсе дейміз», – деді туысы Әсилә Мұқанғалиева.
Жақындарының сөзінше, Ақбаян бұрынғы өмірін есінде сақтаған, туыстарын таниды. Алайда бесінші баласын ауыр босанғаннан кейінгі кезең оның жадынан өшкен. Әйелдің өзі балаларының есімдері мен туған күндерін жақсы білетінін айтады. Ол балаларын апта сайын барып көреді.
Қазір Ақбаянның басты мақсаты – қайғылы оқиғадан кейін балалар үйіне орналастырылған балаларын өз қамқорлығына қайтару.
«Кішкентайы жылайды. “Мені алып кетші” деп сұрайды. Үлкендері жағдайды түсінеді. Аптасына екі рет психологқа барамын. Әзірге басқа жерде қаралып жүрген жоқпын. Кейде басым ауырады, бірақ кейін басылады», – деді Ақбаян Мұқанғалиева.
Туыстарының айтуынша, әйелдің жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Сондықтан оған қолдау көрсетіп, білікті мамандардың көмегіне жүгіну маңызды.