Бейнежазба автордың Instagram парақшасында жарияланды.
Бетперделі жігіт көмекке мұқтаж тағы бір отбасыны қуантып, оларға пәтер кілтін табыстады. Сондай-ақ олардың еміне ақшалай көмек берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
"Оң көзім мүлде көрмейді, ал сол көзім 5% ғана көреді. Әйелім сал ауруына шалдыққан. Біздің екі жасар қызымыз бар. Пәтер жалдап тұрамыз. Біз қарбыз сатамыз. Жұбайым маған бағыт-бағдар беріп отырады, ал мен физикалық жұмыстарды істеймін", – деді Исламбек.
Оның айтуынша, көшеде кездескен адамдар тарапынан орынсыз реакциялар байқалып жатады. Бүгінде Исламбек Брайль жүйесі бойынша Құран үйреніп жүр.
"Жұбайым екеуміз көшеде келе жатқанда адамдар бізге қарап "әйелі мас, ал күйеуі соқыр екен" деп жиі күледі", – деді ол.
Бетперделі жігіт ерлі-зайыптылардың еміне және кіші қажылыққа деп ақшалай көмек берді. Сонымен қатар оларға пәтер кілтін табыстады. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жариялаған видеода айтты.