Медицина маманы кәсібіне қатысы жоқ есеп-қисап пен құжат толтыруға уақыт жұмсамай, негізгі жұмысына науқасты емдеуге көбірек көңіл бөлуі керек.
Қазақстанда дәрігерлердің кәсіби мәртебесін күшейтіп, олардың еңбегін бюрократиялық жүктемеден қорғау ұсынылды. Құрылтай депутаты Дана Медеуова денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге қатысты депутаттық сауал жолдап, медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен құқықтарын заңмен бекітуді ұсынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Депутаттың айтуынша, медицина жүйесінің тұрақтылығы медициналық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмекке ғана емес, ең алдымен білікті мамандарға байланысты.
Дана Медеуова еңбекақы төлеу жүйесін дәрігердің біліктілігі мен атқаратын жұмысына қарай икемді ету қажет деп санайды.
Оның пікірінше, медицина маманы кәсібіне қатысы жоқ есеп-қисап пен құжат толтыруға уақыт жұмсамай, негізгі жұмысына науқасты емдеуге көбірек көңіл бөлуі керек.
«Дәрігер есеп-қисаптың шексіз құжатын толтырмай, науқасты емдеуі керек», – деді депутат.
Депутат «дәрігер» атауының нақты кәсіби талаптарға сай болуын айтты. Оның айтуынша, бұл атаудың артында медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек. Яғни медициналық маманның кәсіби мәртебесі заңда нақты белгіленуі қажет.
Депутат кадр тапшылығын шешуде жаңа мамандарды даярлап, жұмысқа тартумен қатар, қазір медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлерді ұстап қалуға басымдық беру керегін айтты.
Ол мамандардың жалақысы мен еңбек жағдайы олардың мамандықтан кетуіне себеп болмауы тиіс деп атап өтті.
«Білімі мен тәжірибесі ел игілігіне қызмет етуі үшін олардың еңбегін лайықты бағалауымыз керек», – делінген депутаттық сауалда.
Депутат ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген төтенше жағдайларда дәрігерлерге жедел әрі дербес шешім қабылдауға мүмкіндік беру қажет деп есептейді. Ол үшін медицина қызметкерлерінің өкілеттігі нақты белгіленіп, кәсіби шешімдері заңмен қорғалуы тиіс.
Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін Дана Медеуова «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасына бастамашылық ететінін мәлімдеді.