Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын көпірге балады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президенттің пікірінше, өнеркәсіп кооперациясы – қазақ-герман серіктестігінің маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде ортақ портфельде жалпы құны 54 миллиард доллардан асатын 40 инвестициялық бастама бар. Оның ішінде 21 жоба жүзеге асқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев CLAAS, Horsch, Amazonen-Werke және Knauf секілді компаниялармен табысты ынтымақтастық жолға қойылғанын жеткізді. Соңғы бес жылда CLAAS компаниясы Қазақстанда 2100-ден аса ауыл шаруашылығы техникасын шығарған.
– Орайлы сәтті пайдаланып, өнеркәсіп саласындағы серіктестігіміз екіжақты үдеріске айналып келе жатқанын айтқым келеді. Оны Қазақстаннан Германияға өнеркәсіп тауарларының экспорты артқанынан аңғарамыз. Мәселен, осы сапар барысында отандық машина жасау саласының өнімдерін, соның ішінде неміс құрал-жабдығын қолдану арқылы шығарылған теміржол көлігі дөңгелегін Германия нарығына жеткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан германиялық компаниялармен автоматтандыру, станок, өнеркәсіпке арналған роботты техника, машина жасау, озық өндіріс және үдерісті цифрландыру салаларында ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
– Бұл мысалдар экономикалық байланыстарымыз алдағы уақытта қай бағытта дамитынын көрсетеді. Жекелеген табысты жобалармен шектелмей, өнеркәсіп саласындағы жүйелі серіктестікке көшкеніміз жөн. Еліміз осы мақсатта Қазақстан-Германия инвестициялық-өнеркәсіп бастамасын қолға алуға әзір. Оның негізінде үздік жобалардың бірыңғай тізімі жасақталады. Мақсатымыз айқын: Қазақстанда жаңа салалардың пайда болуына септігін тигізетін, коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды іріктеп алу, неміс технологиясы мен білімін меңгеру, өңірлік және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығару. Бұл ретте немістің Mittelstand, яғни орта бизнес кәсіпорындары айрықша рөл атқара алады, – деді Президент.