Ведомство басшысы үндеу жолдады.
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтармайтынын атап өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Бүгін елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні. Өз атымнан, Қорғаныс министрлігі және Қарулы күштердің бүкіл жеке құрамы атынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Отбасылардың қайғысын түсінемін. Қоғамның бізге қойып отырған талап-сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Ата-аналардың өз ұлдарын бізге сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырап отырғанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп отыр», – деді министр.
Оның айтуынша, оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
«Осы жағдайға байланысты кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады. Қара жамылған отбасылармен үнемі байланыстамыз, оларға барлық қажетті көмек көрсетіп жатырмыз. Қаза тапқан әскери қызметшілердің, олардың отбасыларын және қоғам алдындағы міндетімізді түсінеміз. Арыстай азаматтарынан, ұлдарынан айырылған әр отбасының қайғысына ортақпын. Әскери міндетін атқаруда қаза тапқан азаматтарымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!», – деп атап өтті Дәурен Қосанов.