$ 445.65 € 508.71 ₽ 5.3

Каспийде қаза тапқан сарбаздардың арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған

Фото: sports.kz
Фото: sports.kz

Каспий теңізінде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің арасында Маңғыстау облысының жас спортшысы, самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері Сержан Аяпберген де болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

24 қыркүйекте болған қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің тізімін жариялады. Олардың қатарында мерзімді әскери қызметтегі матрос Аяпберген Сержан Талғатұлы бар.

Сержан 2006 жылғы 18 ақпанда дүниеге келген. Маңғыстау облысының тумасы, Ақтау қаласында тұрған. Ол әскерге шақырылғанға дейін бірнеше жыл бойы спортпен шұғылданған.

Жас спортшы Маңғыстаудағы «Жас Батыр» спорт мектебінде тәрбиеленіп, самбо және дзюдомен айналысқан. Ол жасөспірім кезінен өңір намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда қорғаған.

2018 жылдың ақпанында 12 жастағы Сержан Бішкекте өткен самбодан халықаралық турнирде күміс жүлдеге ие болған. Сол жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 327 спортшы қатысқан.

Сондай-ақ ол Ақтауда өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық дзюдо турнирінде 42 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алған. Бұған дейін Сержан 2006–2008 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы жарыстарда да топ жарып, «Жас Батыр» спорт мектебі ұйымдастырған турнирлерде алтын медаль алған.

Спорт мектебінің мәліметінше, Сержан Аяпберген самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанып, ТМД студенттері арасындағы жарыстарда жүлде алған. Сонымен қатар дзюдодан республикалық және халықаралық турнирлерге қатысқан.

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында Каспий теңізінің жағалауында ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілерді теңіз суы алып кеткен.

Өңір әкімдігінің нақтыланған мәліметінше, суға 17 әскери қызметші түскен. Олардың 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, Үкіметтік комиссия құрылды. Қазір қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0