Қаулыда көрсетілгендей, 20 тамызда қылмыстық іс бойынша сот отырысы жәбірленуші С. Омарованың жауап алуын жалғастыру үшін сағат 15:00–ге дейін үзіліске шығарылған.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Меруерт Абаева жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша сотталушының қорғаушысы Дәурен Есләмбекұлына қатысты жеке қаулы шығарды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Қаулыда көрсетілгендей, 20 тамызда қылмыстық іс бойынша сот отырысы жәбірленуші С. Омарованың жауап алуын жалғастыру үшін сағат 15:00–ге дейін үзіліске шығарылған. Процеске қатысушылардың барлығына сотқа уақытылы келу қажеттігі хабарланған.
Алайда белгіленген уақытта сотталушының қорғаушысы — адвокат Дәурен Есләмбекұлы сот отырысы залына келмеген және өзінің қатыса алмайтыны туралы сотқа алдын ала хабарламаған. Сот отырысының хатшысына телефон арқылы басқа процесте жүргенін айтқан.
— Сот адвокаттық қызмет туралы заңнама адвокаттарды кәсіби мінез-құлық ережелерін сақтауға, оның ішінде органдар мен лауазымды тұлғаларға қатысты өзін әдепті ұстауға, сондай-ақ істі қарауды қасақана созуға жол бермеуге міндеттейтінін еске салады, — деді судья Меруерт Абаева.
Соттың пікірінше, адвокаттың дәлелді себепсіз келмеуі сот отырысының өтуіне кедергі келтірген. Қаулыда қорғаушының мұндай әрекеті процесті қасақана созуға және сот пен сот талқылауына қатысушыларды құрметтемеуге әкеп соққаны, сондай-ақ кәсіби әдеп нормаларының бұзылғаны атап өтілген.
Осыған байланысты сот адвокаттың бұл әрекетіне Астана қаласы Заң консультациясы президиумы мен қалалық Әділет департаментінің назарын аударып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Уәкілетті органдар жеке қаулыны қарау нәтижесі мен қабылданған шаралар туралы бір ай ішінде сотқа хабарлауы қажет.
— Қаулы шығарылған күннен бастап 15 тәулік ішінде оған шағым немесе наразылық келтіруге болады, — деп хабарлады сот.