Бұл туралы дереккөздеріне сүйенген The Wall Street Journal жазды.
Қытайда өтетін Азия-Тынық мұхиттық экономикалық ынтымақтастық саммиті аясында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын кездесуі ықтимал, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алайда әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Бұл туралы дереккөздеріне сүйенген The Wall Street Journal жазды.
Басылым мәліметінше, ықтимал кездесу биыл күзде Шэньчжэнде өтуі мүмкін. Дональд Трамп саммитке арнайы қатысып, Солтүстік Корея көшбасшысымен келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр. Кездесуде Пхеньянның ядролық бағдарламасы және екі ел арасындағы өзге де мәселелер талқылануы мүмкін.
Алайда сарапшылар Трамп пен Кимнің ықтимал келіссөздерінен нақты нәтиже шығатынына күмән келтіреді. Олардың айтуынша, соңғы жылдары Солтүстік Корея ядролық және зымырандық әлеуетін айтарлықтай күшейткен.
Оңтүстік Корея Трамп пен Ким Чен Ын арасындағы келіссөздердің қайта басталуын қолдайды. Сеул мұндай диалог Корей түбегіндегі әскери-саяси шиеленісті бәсеңдетуге ықпал етеді деп үміттенеді.
Сонымен бірге Оңтүстік Корея үшін ықтимал келісімнің шарттары маңызды. Сарапшылардың пікірінше, егер Вашингтон Пхеньянның ядролық держава ретіндегі мәртебесін іс жүзінде мойындаса немесе Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қатысты тым жұмсақ талаптар қойса, бұл Сеулдің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Айта кетейік, Дональд Трамп АҚШ президенті ретіндегі алғашқы мерзімі кезінде Ким Чен Ынмен бірнеше рет кездескен. Екі ел көшбасшылары арасындағы келіссөздер негізінен Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына байланысты өткен.