Полиция өкілдері қазіргі уақытта тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Шымкентте бұрынғы күйеуі бетіне қышқыл шашып жіберген әйелдің ісі Қылмыстық кодекстің 107-бабымен тергеліп жатыр. Бұл бап бойынша күдікті "денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтірді" деп танылып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Полиция өкілдері қазіргі уақытта тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның қорытындысы бойынша оқиғаға нақты құқықтық баға берілмек.
Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін күдіктіге бірнеше жаза қарастырылған. Ол 1000 АЕК көлемінде немесе 2026 жылғы есеп бойынша 4 325 000 теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Сонымен қатар 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал. Егер қылмыс ауырлататын мән-жайлармен жасалса, жаза мерзімі үш жылға дейін ұзарады.
Мұндай жағдайларға екі немесе одан да көп адамға, дәрменсіз күйдегі немесе қылмыскерге материалдық тұрғыдан тәуелді адамға қатысты әрекеттер жатады. Сонымен қатар аса қатыгездікпен, бұзақылық ниетпен немесе алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жасалған қылмыстар да осы санатқа кіреді. Бұдан бөлек әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік мотивімен жасалған әрекеттер үшін жаза қатаңдатылады. Қылмыс бірнеше рет қайталанған болса, сондай-ақ кәмелетке толмағаны белгілі адамға қарсы жасалған жағдайда да жауапкершілік күшейеді. Адамның қызметтік немесе қоғамдық борышына байланысты оның өзіне және жақындарына қарсы жасалған қылмыстар да ауырлататын мән-жай саналады.
Алайда полиция тергеудің 107-баптың нақты қай бөлігімен жүріп жатқанын ашып айтпады.