$ 467.58  543.66  6.44

Талдықорғандық студент футболға барамын деп ажал құшты

Марқұмның анасы оқиға алдында ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескенін айтты.

Фото: instagram/taldykorganec_kolesa
Фото: instagram/taldykorganec_kolesa

Талдықорғанда футбол матчынан кейін 20 жастағы студент қаза тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Марқұм Жәңгір Нұрланұлының анасының айтуынша, қайғылы оқиға 7 мамыр күні болған. Сол күні кешке ұлы достарымен бірге футбол көруге кеткен. Пәтерде шамамен он шақты адам жиналған, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жастар арасында жанжал туындаған. Кейін олар сыртқа шығып, біраз уақыттан соң қайта кездескен. Анасының сөзінше, мектеп оқушысы Жәңгірді қайта шақырып алып, оған алты жерден пышақ жарақатын салған. Ауыр жарақат алған жігіт оқиға орнында көз жұмды.

Марқұмның анасы оқиға алдында ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескенін айтты. Оның сөзінше, Жәңгірдің көңіл күйі көтеріңкі болып, әзілдесіп сөйлескен. Сонымен қатар кейінірек тағы хабарласатынын айтқан.

Қазір аталған факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалып, куәгерлерден жауап алынған. Марқұмның жақындары әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі адамның заң алдында жауап беруін талап етуде.

Жетісу облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ сот оған қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын санкциялаған.

Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0