$ 490.58  584.77  6.34

Түркияда Temu кеңсесінде тінту жүргізілді

Фото: RetailTouchPoints.com
Фото: RetailTouchPoints.com

21 қаңтарда Түркияның монополияға қарсы органы – Бәсекелестікті қорғау басқармасы – қытайлық Temu маркетплейсінің кеңсесінде тінту жүргізді, деп хабарлайды Reuters.

Қытай тарапының мәліметінше, кеңселерден компьютерлер мен ноутбуктер тәркіленген. Алайда Түркияның монополияға қарсы ведомствосы Temu кеңсесінде «көшпелі тексеріс» жүргізілгенін растағанымен, техниканың тәркіленгені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл мәліметтің «шындыққа сәйкес келмейтінін» мәлімдеді.

«Біз түрік билігімен толық көлемде ынтымақтасатын боламыз», – деді Temu онлайн-маркетплейсінің өкілі.

Уәкілетті органдар тінтудің ресми себептерін жарияламады, тек тексерістердің Temu-ға қарсы тергеудің басталғанын білдірмейтінін айтты. Соған қарамастан, тінтулерден кейін қытайлық Temu және Shein интернет-дүкендері Түркиядағы сатылымдарын уақытша тоқтатты немесе шектеді. Енді платформалар тек жергілікті өндірістің өнімдерін және ел аумағындағы қоймаларда бар тауарларды ғана ұсынуда.

Бұл шешімге алдағы уақытта баж салығынсыз әкелу тәртібінің жойылуы да әсер етуі мүмкін. Түркияның Сауда министрлігі құны 30 еуроға дейінгі тауарларды кедендік тіркеудің қолданыстағы жеңілдетілген рәсімін алып тастайды. Заңнамадағы өзгерістер 1 ақпаннан бастап күшіне енеді. Осылайша, Еуроодақ пен АҚШ тәжірибесіне сүйене отырып, Анкара отандық өнеркәсіпті қорғау шараларын қабылдауда.

Айта кетейік, Стамбұлдағы Temu кеңсесі 2025 жылдың маусым айында, Сауда министрлігі шетелдік маркетплейстерден заңды тіркеуден өтуді талап еткеннен кейін ашылған болатын.

БАҚ мәліметінше, басқа елдердегідей, түрік мамандарының тексерістері қытайлық онлайн-платформалар импорттайтын тауарлардың құрамында улы және канцерогенді заттардың бар екенін анықтаған. Осыдан кейін Түркияда импорт ережелерін қатаңдату талаптары күшейген.

Еске салайық, Temu кеңселеріне қатысты тінтулер Дублинде де жүргізілді. Онда маркетплейс әкімшілігі Қытайдан заңсыз субсидиялар алды деген күдікке ілінген.

Айта кету керек, Қазақстанда құны 200 еуродан төмен сәлемдемелерге баж салығынсыз әкелу шегі қолданылады. Мұны қытайлық маркетплейстер Қазақстанға тауар жөнелту кезінде белсенді пайдаланып келеді. Ал қазақстандық кәсіпкерлер тауар импорттаған кезде барлық баж салығы мен салықтарды толық көлемде төлейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0