$ 491.88  585.83  6.36

Бас прокуратура Нұрлан Сабыровқа қатысты іске пікір білдірді

"Біз шетелдік органдардың шешіміне пікір білдіре алмаймыз". 

Фото: nurlan_saburov/instagram
Фото: nurlan_saburov/instagram

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Нұрлан Сабыровқа қатысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мәжіліс кулуарында Ғалымжан Қойгелдиевтен бұл жағдайға қатысты қандай шешім қабылданғаны сұралды. 

“Біріншіден, шетелдік органдардың шешіміне біз пікір білдіре алмаймыз. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жүрген ақпараттың бәрі тексеріліп жатыр. Ол зерттеуді қажет етеді. Ал БАҚ-та айтылып жүрген Қылмыстық кодекстің 170-бабы (Жалдамалылық) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретіне жатады”, – деді бас прокурордың орынбасары.

Ал Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Ресейге кіруге тыйым салу мәселесін Нұрлан Сабыровтың өзі заңгерлер мен адвокаттар арқылы шешу керегін айтты. 

“Мұны Нұрлан Сабыровқа ғана емес, барлық азаматқа қатысты айтып отырмын. Кез келген азаматқа қандай да бір елге кіруге тыйым салынса, олар бұл мәселені жеке тәртіппен, өзі шешеді. Адвокаттар мен заңгерлерді жалдап, шешімге шағымдана алады. Мұндай тыйымдарды біздің ел емес, оны қойған мемлекеттің заңнамасы реттейді”, – деді Бақаев.

Оның айтуынша, Сабыров бұл мәселеге қатысты ресми түрде Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіне де, Сыртқы істер министрлігіне де жүгінбеген. Сондай-ақ Бақаев тыйым салу туралы шешімге пікір білдіруден бас тартты. Себебі, бұл Ресейдің ішкі шешімі және оның заңнамасымен реттеледі дейді. Қазақстанның Сабыровтың Ресейде қалған мүлкіне де қатысы жоқ екенін айтты. 

“Мұндай мәселелер де мүлік орналасқан елдің заңнамасына сәйкес шешіледі. Бұл іс тиісті мемлекеттің органдары, соттары және басқа да құрылымдары арқылы қаралады”, – деді Бақаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0