Сонымен қатар, күш қолдану қаупін төндіру дерегі үшін де жеке жауапкершілік енгізіледі.
Мәжіліс медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізетін заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады. Заң аясында Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бап енгізіліп, дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту қылмыс деп танылады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Егер өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданылса, айыппұл салынады немесе қоғамдық, түзету жұмыстары тағайындалады, сондай-ақ 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған. Ал ауырлататын мән-жайлар болса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін күшейтіледі. Өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану жағдайында кінәлілер 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауыр жағдайларда 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Сонымен қатар, күш қолдану қаупін төндіру дерегі үшін де жеке жауапкершілік енгізіледі. Мұндай жағдайда айыппұл салу, қоғамдық жұмысқа тарту немесе 2–3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы көзделген. Заң жобасын әзірлеуді Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдардан кейін тапсырған.