Бұған дейін Трамп пен Путин тамыз айында Аляскада өткен кездесуінде Украина мәселесін талқылаған, бірақ ол саммит нақты нәтижесіз аяқталған еді.
АҚШ пен Ресей президенттерінің Будапештте өтуі тиіс саммиті болмайтын болды. The Telegraph басылымының хабарлауынша, кездесу екі елдің сыртқы саясат басшылары арасындағы шиеленісті телефон әңгімесінен кейін тоқтатылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио алдыңғы күні телефон арқылы сөйлескен. Басылымның мәліметінше, олардың әңгімесі «сәтсіз аяқталған».
The Telegraph дерегіне сүйенсек, Лавров Рубиоға Ресей қазіргі майдан шебі бойынша қақтығысты «тоқтата тұруға» келіспейтінін айтқан болуы мүмкін. Бұған дейін Reuters агенттігі де Мәскеудің атысты дереу тоқтату бастамасына қарсы екенін, бұл фактор мемлекет басшыларының кездесуіне кедергі келтіруі мүмкін екенін жазған.
21 қазанда Украина президенті Владимир Зеленский мен бірқатар еуропалық елдердің жетекшілері АҚШ президенті Дональд Трамптың соғысты дереу тоқтату туралы ұсынысын қолдаған еді. Алайда Мәскеу соғысты тоқтата салуға қарсы екенін, қақтығысты «түбірімен шешуді», яғни себептерін жоюды көздейтінін мәлімдеді. Ресейдің талаптары қатарында — Украинаның НАТО-ға мүше болудан бас тартуы, орыс тілді азаматтардың құқықтарын сақтау, сондай-ақ Қырым мен Донбасс республикаларының Ресей құрамында екенін мойындау бар.
Reuters телефон әңгімесінен кейін Лавров пен Рубионың 23 қазанда кездесуі мүмкін екенін хабарлаған. Алайда CNN арнасы кейінірек кездесудің кейінге қалдырылғанын жазды. Ақырында The Telegraph мәліметі бойынша, Трамп пен Путин саммитіне дайындық ретінде жоспарланған Лавров пен Рубионың жеке кездесуі толықтай тоқтатылған, сонымен бірге саммит ұйымдастыру да тұралап қалған.
Кремль бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, «алдын ала келісім болмаған нәрсені кейінге қалдыру мүмкін емес» деді. Ал Трамп әкімшілігі РБК агенттігіне берген жауабында телефон әңгімесінің нәтижелі өткенін, «сондықтан қосымша жеке кездесудің қажеті жоқ екенін және президент Трамптың Ресей президентімен жақын уақытта кездесуді жоспарламайтынын» мәлімдеді.
Бұған дейін Трамп Украинадағы соғысты талқылау мақсатында екі апта ішінде Будапештте келіссөздер өтетінін жариялаған болатын. Алайда, келіссөздер дайындығы кезінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың кездесуі де тоқтатылды – олардың тек телефон арқылы сөйлескені хабарланды.
Ақ үй келіссөздердің не себепті кейінге қалдырылғанын нақты түсіндірмеді. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, АҚШ пен Ресейдің бейбітшілік шартына қатысты ұстанымдары арасындағы алшақтық келіссөздердің тоқтауына түрткі болған.
Бұған дейін Трамп пен Путин тамыз айында Аляскада өткен кездесуінде Украина мәселесін талқылаған, бірақ ол саммит нақты нәтижесіз аяқталған еді.
Украина тарапы болса, кез келген келіссөз тек майдан шебін қатырудан басталуы мүмкін деп мәлімдеді. Зеленский Ресей бейбітшілікке «шын ниетті емес» деп есептейді.
Сонымен, Трамп пен Путин арасындағы екінші кездесу белгісіз мерзімге шегерілді, ал тараптар арасындағы саяси және әскери қайшылықтар бұрынғыдан да айқындала түсті.
Еске салайық, Владимир Путин мен Дональд Трамп қазан айының ортасында телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы жағдайды талқылаған болатын. Бұл кездесу Трамптың президенттікке қайта оралғаннан кейінгі екінші жүздесуі болуға тиіс еді (біріншісі 15 тамызда Аляскада өткен).
NBC дерегіне сүйенсек, Ақ үйдегі дереккөз АҚШ президентінің екі тараптың да келіссөзге жеткілікті дайын еместігін айтып, кездесуге дайындықты уақытша тоқтатқанын хабарлаған. Мәскеу өз кезегінде Украинаның қауіпсіздік кепілдіктері қарастырылса, Киевпен және Батыспен келіссөздерге дайын екенін жеткізді.