Өте өкінішті!
Соңғы күндері елімізде Халық әртісі Меруерт Өтекешова мен диктор Сауық Жаханованың бүгінгі хәлі жиі талқынап жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Көпшілік халық аңыздарының мүшкіл күйіне назар аудармаған билікке сын айтуда.
Естеріңізде болса, Халық әртісі Меруерт Өтекешованың баспанасыз қалғаны туралы ақпарат тараған еді. Мұны естіген Баян Алагөзова оған пәтер сыйлайтынын айтып, елдің қошаметіне бөленген болатын.
Іле-шала бұл жағдайға қатысты тележурналист Дана Нұржігіт пікір білдірген болатын. Ол дәл осындай қиын жағдайда аты аңызға айналған Сауық Жаханованың емделіп жүргенін, алайда тегін емес, ақылы ем қажет екенін мәлімдеген еді. Көпшілік тарапынан халықтың сүйікті тұлғаларының бұлай тағдыр тәлкегінде қалуы ашу туғызған. Олар желіде түрлі пікірлерін жаудырып жатыр.
«Данажан кешеден бері көңіліміз босап… Қазақ фильмдерінің жауһары атанған “Қыз Жібек” фильмінде Бекежанның Жібектің әкесіне “Жау келсе, төрде, жау кетсе , босағада қалатын басым бар емес пе?”- деп айтатын сөзі бар емес пе? Сол сияқты Меруерт апамның да, Сауық апамның да жастары келіп, елге қажетсіз шақтарында бастары босағада қалып қойды. Өте өкінішті! Бірақ бұлт артынан қашан да жарқырап күн шығары анық. Кеше Баян сіңіліміз Меруерт апамның басын төрге шығарды, ендеше, Сауық апамның да Баяндай сіңілілері табылып, төрге шығатын күні де болар! Жақсы үмітпен тілеуін тілейік!», — деп жазған ол.