$ 511  602.72  6.49

«Сауатсыз әншілер, мағынасыз әндер көп»: Жеңіс Ысқақова әріптестерін сынап тастады (ВИДЕО)

"Мұқасанға келсек, ол — эстраданың серісі, әрдайым жинақы, таза жүретін жігіт".

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова шоу-бизнес сахнасының сырт көзге жарқырап көрінетін әлемінің көлеңкесінде жатқан өзекті мәселелерді ашық айтты. Stan.kz YouTube арнасына берген сұхбатында әнші қазіргі эстрадада хайпқа құрылған жүйе қалыптасқанын, фонограммаға тәуелділік артқанын және таланттан гөрі танымалдықтың алға шыққанын сынға алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Өнер иесінің айтуынша, жанды дауыспен, шынайы өнер көрсететін дарынды жастар ашық-шашық киіммен сахнаға шығып, көрермен жинап жүрген орындаушылардың тасасында қалып отыр. Ол өзін жұлдыз санайтын кейбір жас әншілердің кәсіби деңгейі төмен екенін де жасырмады.

— Қазір әнші де, әртіс те тым көбейіп кетті. Бірақ олардың арасында сауатсыз, сөзді дұрыс айта алмайтындары аз емес. Ән мәтіндерінің мағынасы жұтаң, мазмұн жоқ. Киелі сахнаға ашық-шашық киіммен шығып, арена толтырып жүргендер бар. Бір-екі әнмен табыс тауып, соған мәз. Ал халыққа берері шамалы, — дейді Жеңіс Ысқақова.

Сонымен қатар әнші соңғы уақытта кейбір орындаушылардың бір әннің ішінде бірнеше тілді араластырып айтуын да сынға алды. Оның пікірінше, мұндай үрдіс тыңдарман санасын шатастырып, тілді бұрмалауға әкеледі. Соның салдарынан нағыз таланттар көлеңкеде қалып жатыр.

Сұхбат барысында Жеңіс Ысқақова әлеуметтік желіде өнер адамдарының жеке өмірін хайпқа айналдыратындарды да қатты сынға алды. Ол қаралым үшін әншілерді аңдып, рұқсатсыз видеоға түсіріп, ақпаратты бұрмалап тарататындар көбейгенін айтты.

Әнші Мұқасан Шахзадаевқа қатысты тараған дау жөнінде де пікір білдірді. Оның айтуынша, әртістер де қарапайым адам секілді сезімге беріліп, ашулануы мүмкін.

— Әртіс те адам. Кейде көшеде әншіден басқа ешкім төбелеспейтіндей әсер қалдырады. Біреу сүрініп кетсе, соны да шу қылады. Мұқасанға келсек, ол — эстраданың серісі, әрдайым жинақы, таза жүретін жігіт. Бұрын оның біреуге қол көтергенін көрмедім. Кез келген оқиғаның екі жағы бар. Бұл жағдайдың өнерге қатысы жоқ, біз білмейтін басқа себептері болуы мүмкін, — дейді ол.

Жеңіс Ысқақованың пікірінше, мұндай мәселелерді жарияға жар салмай, тараптар өзара шешуі керек еді. Алайда кейбір желі қолданушылары бұл жағдайды да хайпқа айналдырып, жалған ақпарат таратып отыр дейді.

— Олардың мақсаты — қаралым. Мұқасанның тағдыры да, екінші тараптың жағдайы да олар үшін маңызды емес. Әншілердің де отбасы, ата-анасы, бала-шағасы бар. Олар біреудің контенті үшін қуыршақ емес. Егер кінәсі болса, заң алдында жауап береді. Бұған дейін Жұбаныш Жексенұлына қатысты да осындай жағдай болды. Үлкен, елге сыйлы азаматты жұрт алдында қаралаудың қажеті бар ма? Өнер адамдарының тағдырын хайпқа айналдыруды тоқтату керек, — деп түйіндеді әнші.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары