Теннисші финалдың өзі үшін маңызды екенін атап өтті.
Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open финалында Арина Соболенкомен кездесер алдындағы сезімімен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жартылай финалдан кейінгі баспасөз мәслихатында Рыбакина Соболенкоға қарсы ойынның әрдайым физикалық әрі психологиялық тұрғыдан қиын өтетінін айтты.
«Біз бірге көп ойнадық. Ол өте белсенді теннисші. Онымен психологиялық және физикалық тұрғыдан ойнау қиын, өйткені оның соққысы жойқын және доп беруі де өте күшті. Маған барымды салу керек болады, Аринаға қарсы ең жақсы ойын көрсетіп, қажетті сәтте дұрыс шешім қабылдауым қажет», – деді Рыбакина.
Теннисші финалдың өзі үшін маңызды екенін атап өтті. Дегенмен өзіне артық қысым түсіргісі келмейтінін жеткізді.
«Бұл маңызды матч, бұл финал болғандықтан, корттың екінші жағында кімнің тұрғаны маңызды емес деп ойлаймын. Сен тек жеңіске жетіп, қолыңнан келгеннің бәрін жасағың келеді. Мен өзіме тым үлкен қысым түсіргім келмейді. Тіпті финалда бірдеңе дұрыс болмай қалса да, менде жыл аяғына дейін басқа да мүмкіндіктер, басқа турнирлер болады», – деп толықтырды Рыбакина.