$ 470.28  537.53  5.99

Испанияның әлем чемпионатында қанша табыс тапқаны белгілі болды

Алғаш рет 48 құрама қатысқан турнирге ФИФА рекордтық деңгейдегі – 871 миллион доллар көлемінде жүлде қорын бөлді.

Фото: FIFA
Фото: FIFA

АҚШ, Канада және Мексикада өткен 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионаты спорттық тартыспен қатар, қаржылық көрсеткіштерімен де тарихқа енді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алғаш рет 48 құрама қатысқан турнирге ФИФА рекордтық деңгейдегі – 871 миллион доллар көлемінде жүлде қорын бөлді.

Финалда Аргентинаны 1:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанған Испания құрамасы турнирдегі ең ірі қаржылай сыйақының иегері болды. Чемпион команда 51 миллион доллар көлемінде табыс тапты. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы Қатарда өткен әлем біріншілігінде жеңіске жеткен Аргентина құрамасы 42 миллион доллар алған еді.

Жүлде қоры турнир кезеңдеріне қарай мынадай тәртіппен бөлінді:

  • 1-орын (Испания) – 51 млн доллар;
  • 2-орын (Аргентина) – 34 млн доллар;
  • 3-орын (Англия) – 30 млн доллар;
  • 4-орын (Франция) – 28 млн доллар;
  • Ширек финалға шыққан командалар – 20 млн доллар;
  • 1/8 финал қатысушылары – 16 млн доллар;
  • 1/16 финалға дейін жеткен құрамалар – 12 млн доллар;
  • Топтық кезеңнен аса алмаған командалар – 10 млн доллар.

Турнир бірнеше елде ұйымдастырылғандықтан, командалардың жол жүру және орналастыру шығындарын азайту мақсатында ФИФА қосымша 100 миллион доллардан астам қаржы бөлді. Бұл қаражат ұлттық құрамалардың 50 адамнан тұратын делегацияларының бизнес-класпен ұшуына, қонақүйде тұруына, тамақтануына, ішкі көлік қызметіне және арнайы автокөлікпен қамтамасыз етілуіне жұмсалды.

Биылғы әлем біріншілігінің тағы бір ерекшелігі – ФИФА тарихында алғаш рет чемпион атанған құраманың ойыншылары мен бапкерлер штабына арнайы естелік жүзіктер табысталмақ. Бұл бастама NHL, NBA және NFL секілді америкалық кәсіби спорт лигаларындағы дәстүр негізінде енгізілді.

Қолмен жасалған бағалы жүзіктің бір бетінде Әлем кубогының бейнесі, ал екінші жағында Испания құрамасының символикасы мен әр ойыншының жеке нөмірі қашалып жазылады.

Финал аяқталғаннан кейін арнайы жүзіктер бірден Испания құрамасының капитаны мен бас бапкеріне табысталды. Қалған ойыншыларға олар жеке өлшемдеріне сәйкес дайын болғаннан кейін беріледі.

Жалпы чемпион команда үшін 30 эксклюзивті жүзік әзірленеді. Сонымен қатар осы үлгінің тағы 1996 данасы жанкүйерлерге арнап шығарылып, әрқайсысы 12 мың доллар бағамен сатылымға ұсынылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0