Бұл – оның әлемдік бокстағы жетістіктеріне берілген жоғары халықаралық баға.
Қазақстандық атақты боксшы Геннадий Головкин АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өткен салтанатты рәсімде Халықаралық бокс даңқы залының (IBHOF) мүшесі атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Осылайша Головкин тарихта Бокс даңқы залына енген алғашқы қазақстандық спортшы болды. Бұл – оның әлемдік бокстағы жетістіктеріне берілген жоғары халықаралық баға.
Геннадий Головкин кәсіпқой мансабында орта салмақта WBC, WBA, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, ұзақ жылдар бойы дивизионның көшбасшыларының бірі болды.
Қазіргі таңда оның кәсіпқой бокстағы рекорды – 42 жеңіс, 2 жеңіліс, 1 тең нәтиже. Оның 37-сі нокаутпен аяқталған.
Айта кетейік, Головкин соңғы жекпе-жегін 2022 жылы өткізген. Қазір ол Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінде және World Boxing құрылымында басшылық қызметтер атқарады. Дегенмен спортшы әзірге мансабын ресми түрде аяқтағанын жариялаған жоқ.