Бұған дейін ол «Манчестер Юнайтед» сапында өнер көрсетіп, әлем футболындағы танымал ойыншылардың біріне айналған.
Қазақстан кубогының 1/8 финалында «Ақтөбе» өз алаңында семейлік «Елімайды» 2:1 есебімен жеңді, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Кездесудің басты қаһарманы 39 жастағы португалиялық жұлдыз Луиш Нани болды. Бірінші таймда есеп ашылмады. Ал үзілістен кейін Нани 59-минутта алғашқы голын соғып, «Ақтөбені» алға шығарды. 83-минутта ол дубль жасап, есепті 2:0-ге жеткізді.
«Елімай» сапынан Рамазан Оразов 90+4-минутта бір голмен жауап қайтарды. Осылайша «Ақтөбе» Қазақстан кубогының келесі кезеңіне жолдама алды. Матчтан кейін Луиш Нани Instagram парақшасында әсерін бөлісті.
«Бүгін ерекше сезім болды. Гол соғу әрдайым жақсы, бірақ мені ең қатты қуантатыны – командаға мақсатқа жетуге көмектесу. Біз бұл жеңіске және келесі кезеңге өтуге лайық болдық», – деп жазды футболшы.
Айта кетейік, Луиш Нани биыл «Ақтөбе» сапына қосылған еді. Бұған дейін ол «Манчестер Юнайтед» сапында өнер көрсетіп, әлем футболындағы танымал ойыншылардың біріне айналған.