$ 509.63  592.34  6.54

«Астанаға тек жеңіс үшін келдік» – «Брюггенің» бас бапкері

Бапкердің айтуынша, бельгиялық ұжым "Қайраттың" соңғы жолдастық кездесулерін бақылағанымен, басты назарды өз командасының ішкі дайындығына аударып отыр.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

"Брюгге" клубының бас бапкері Иван Леко "Қайратқа" қарсы өтетін матч қарсаңында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, командасының қазіргі жағдайы мен алдағы ойынға дайындығы туралы ашық пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бапкердің айтуынша, бельгиялық ұжым "Қайраттың" соңғы жолдастық кездесулерін бақылағанымен, басты назарды өз командасының ішкі дайындығына аударып отыр.

"Иә, қарсыластың бірнеше ойынын көрдік. Бірақ біз үшін ең маңыздысы — өз ойынымызды қалыпқа келтіру. Біз Астанаға тек жеңіс үшін келдік. Сондықтан алаңға шығатын әр футболшы психологиялық тұрғыда толық дайын болуы тиіс. “Қайраттың” қандай тактика таңдайтыны белгісіз, сол себепті кез келген сценарийге дайын болып, ойын барысында жылдам бейімделуіміз қажет", — деді Иван Леко.

Соңғы матчтардағы сәтсіз нәтижелер мен команданың қазіргі формасына қатысты сауалға бапкер сабырмен жауап қатты. Оның сөзінше, ұжымда сапалы ойыншылар жеткілікті, бастысы — барлық 90 минут бойы зейінді жоғалтпау.

"Алдыңғы ойындардағы кемшіліктерден сабақ алып, қайта серпілуіміз керек. Команданың әлеуеті мен мінезі бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің деңгейдегі клуб үшін матчтың белгілі бір бөлігінде ғана жақсы ойнау жеткіліксіз. Біз кездесудің басынан соңына дейін жоғары қарқынды ұстап тұруға міндеттіміз", — деп түйіндеді бапкер.

Айта кетейік, "Қайрат" — "Брюгге" кездесуі бүгін Астана уақытымен 20:30-да басталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары