$ 450.69 € 505.04 ₽ 5.45

Инвестиция және Каспий тағдыры: Тоқаев Баку мен Ереванда қандай мәселелер көтерді

АӨСШК саммитінде Мемлекет басшысы қақтығыстардың энергетикалық инфрақұрылымға қауіп төндіріп, әлемдік нарықтағы тұрақсыздықты күшейтіп отырғанын айтты.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде Қатар мен Израиль басшыларымен экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. АӨСШК саммитінде энергетикалық қауіпсіздік пен өңірлік серіктестікке тоқталды. Ал Ереванда өткен COP17 саммитінде Қазақстанның табиғатты қорғау саласындағы нәтижелерін таныстырып, Каспий экожүйесін сақтау үшін күш біріктіруге шақырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қатармен инвестициялық және энергетикалық жобалар талқыланды

15 қазанда Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Танимен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Қатар арасындағы көпжақты серіктестікті нығайтуға, бірлескен инвестициялық және энергетикалық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде пікір алмасты.

Касым-Жомарт Токаев и вице-премьер Азербайджана Самир Шарифов в аэропорту Баку вечером 14 октября

Энергетикалық қауіпсіздік және Каспий дәлізі

АӨСШК саммитінде Мемлекет басшысы қақтығыстардың энергетикалық инфрақұрылымға қауіп төндіріп, әлемдік нарықтағы тұрақсыздықты күшейтіп отырғанын айтты. Президенттің сөзінше, мұндай ахуал дағдарыс аймағынан тыс елдердің де экономикалық өсімін тежейді.

Осыған байланысты Қазақстан халықаралық серіктестікті дамытуға басымдық беріп отыр. Мемлекет басшысы Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия жеткізу жөніндегі стратегиялық келісімге тоқталды.

«Осылайша, Каспий жасыл энергетикалық дәлізінің негізі қаланды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл дәліз үш елдің энергетикалық жүйелерін байланыстырып, Қара теңіз арқылы Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік береді. 

Ицхак Герцог и Касым-Жомарт Токаев на саммите СВМДА в Баку

Израильмен сауда және инвестициялық байланыс

Сол күні Мемлекет басшысы Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесті. Келіссөзде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективалары қаралды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцогтың сәуір айында Астанаға жасаған сапары екіжақты қатынастарды нығайтуға елеулі серпін бергенін атап өтті.

Президенттер Таяу Шығыстағы ахуалды да талқылады. Қазақстан басшысы шиеленісті бәсеңдетіп, қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігі жөніндегі ұстанымын растады.

Саясаттанушы Ильгар Велизаде Бакудегі кездесулердің күн тәртібіне тоқталды.

«Тараптар Қазақстан-Израиль қарым-қатынасын қаузады, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа тоқталды», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, кездесуде Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде де пікір алмасқан. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылаған. 

Экологиялық мәдениет және «Таза Қазақстан»

16 қазанда Ереванда өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде Президент Қазақстанның жаңа Конституциясында экологиялық мәдениет қалыптастыру қағидаты бекітілгенін айтты.

Табиғат пен оның ресурстарын сақтау азаматтардың міндеті ретінде, ал қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленген.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасы тазалық акциясы ауқымынан шығып, азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқанын жеткізді.

Лидеры стран-участниц за большим столом на саммите СВМДА в Баку

Киік саны 4,7 миллионға жетті

Президент келтірген дерек бойынша, 2003 жылы Қазақстанда 21 мың киік болса, 2026 жылдың көктемінде олардың саны 4,7 миллионға жеткен. Қар барысының популяциясы шамамен 190-ға дейін көбейген.

Биыл шілдеде жетпіс жыл ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілген. Сонымен қатар чех, неміс және мажар әріптестермен Пржевальский жылқысын қазақ даласына қайта жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Каспий итбалығын сақтау үшін күш біріктіру қажет

Саммитте Каспий экожүйесін қорғау мәселесі де көтерілді. Президенттің айтуынша, соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін қысқарған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты итбалықты сақтау үшін бірлескен шараларды күшейтуге шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0