$ 458.57 € 501.54 ₽ 5.57

«Бұл менің дауысым емес»: Астана мәслихатына кандидаттың аудиожазбасы дау тудырды

Ол құқық қорғау органдарына арызданған.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Астанада әлеуметтік желілерде тараған аудиожазбаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жазбадағы дауыс елорда мәслихаты депутаттығына кандидат Владислав Сергеевке тиесілі деген ақпарат тараған.

Алайда ол мұны жоққа шығарып, құқық қорғау органдарына арызданған.

Астана қалалық Полиция департаменті интернет арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.

«Астана қаласының тұрғынының арызы негізінде онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады», – деп хабарлады полиция.

Ведомство азаматтарды әлеуметтік желілерде тексерілмеген мәліметтерді таратуға жол бермеуге шақырды. Мұндай әрекеттер заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Депутаттыққа кандидат Владислав Сергеев Instagram парақшасында видео жариялап, желіде тараған аудиожазбадағы дауыс өзіне тиесілі емес екенін айтты. Оның пікірінше, бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат.

«Threads желісінде жала, толықтай жалған ақпарат жарияланды. Аудиожазбадағы дауыс менің дауысым емес. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Мен Нұра аудандық полиция бөліміне барып, арыз жаздым», – деді ол.

Сергеев бұл жағдай сайлауалды бәсекеге байланысты болуы мүмкін деген болжамын да білдірді. Сонымен бірге өзі өскен оңтүстік-шығыс аудан тұрғындарына құрметпен қарайтынын атап өтті.

Бұған дейін кандидат тараған аудиожазбаның жасанды интеллект арқылы жасалуы ықтимал екенін айтқан. Ол тергеу барысында телефонын тексеруге беруге дайын екенін де жеткізді.

Қазіргі уақытта аудиожазбаның қалай пайда болғаны, ондағы дауыстың кімге тиесілі екені анықталған жоқ. Бұл мәселелер тергеу барысында тексеріледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0