Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Екібастұзда көпқабатты үйдің ауласында жеңіл көлік алты жастағы баланы қағып, ол оқиға орнында қаза тапты. Жол-көлік оқиғасы болғанын Павлодар облысының Полиция департаменті растады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Полицияның мәліметінше, кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
«Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушылар жол ережесі мен жылдамдық режимін қатаң сақтауы керек. Әсіресе көлік қозғалысы қарқынды аумақтарда аса сақ болған жөн», – делінген полиция хабарламасында.
Қаза болған баланың туыстарының айтуынша, қайғылы жағдай 19 қыркүйек күні сағат 18:30 шамасында болған. Олардың сөзінше, көлік тізгінінде болған қыз аулада «жатқан полицей» бар екеніне қарамастан, көлікті тым жоғары жылдамдықпен жүргізген.