Қазақстан да өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріп отыр.
Қазақстанда өндірістік тізбекті ел ішінде қалыптастыру үшін отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, қолданыстағы зауыттарды жаңғырту және жаңа өндірістерге инвестиция тарту маңызды. Тау-кен инженері, PhD докторы Нұрбол Жүсіпов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сарапшының пікірінше, мемлекеттің отандық өндірісті қолдауы нақты нәтижелермен өлшенуі тиіс. Оның ішінде жергілікті зауыттардың шикізатқа қолжетімділігі, өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті қаржыландыру, инвесторлар үшін түсінікті ережелер, жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері мен экологиялық талаптардың сақталуы маңызды.
Өнеркәсіптік саясаттың жаңа бағыты
Нұрбол Жүсіповтің айтуынша, ұзақ уақыт бойы әлемдік нарық өнеркәсіп үшін негізгі реттеуші саналды. Шикізат жоғары баға ұсынған нарыққа экспортталып, дайын өнім оны өндіру арзан елдерден сатып алынды. Алайда соңғы жылдардағы логистикалық қиындықтар, сауда шектеулері және стратегиялық маңызы бар тауарларға қолжетімділік мәселесі көптеген мемлекетті ішкі өндірістің рөліне қайта назар аударуға мәжбүр етті.
Қазақстан да өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріп отыр. Өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында орта және жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруды ұлғайту, негізгі өндірістік қорларды жаңғырту және қосылған құны жоғары экспорттық өнім көлемін арттыру міндеттері белгіленген.
Сарапшының пайымдауынша, отандық өндірушілерді қолдау инвестиция тартуға, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға, жұмыс орындарын ашуға және салық түсімдерін көбейтуге ықпал етуі керек. Өндіріс кезеңдері ел ішінде неғұрлым көп болса, жергілікті сервистік, көлік және инженерлік компанияларға түсетін тапсырыс та соғұрлым артады.
Қазақстандық кәсіпорындарға металл қажет
Маңызды мәселелердің бірі – отандық өңдеуші кәсіпорындардың негізгі металдарға қолжетімділігі.
2025 жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 18 кәсіпорынмен катодты мыс, бастапқы алюминий және металл мырышын жеткізу жөнінде үшжақты келісімдер жасалғанын хабарлады.
Қазақстандық кәсіпорындардың мысқа қажеттілігі 2025 жылы 18,6 мың тоннаны құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 20,4 мың тоннаға дейін өсуі тиіс.
Нұрбол Жүсіповтің пікірінше, ішкі сұраныс әзірге өндірілетін және экспортталатын мыс көлемімен салыстырғанда айтарлықтай аз. Сондықтан негізгі міндет қолда бар металды бөлумен ғана шектелмеуі керек. Ел ішінде оны терең өңдеуге қабілетті кәсіпорындардың санын көбейту қажет.
Атап айтқанда, мыс катанкасын, кабель, сым, шиналар, құбырлар, қорытпалар, жабдықтарға арналған компоненттер мен трансформаторлар шығаратын өндірістерді дамытуға мүмкіндік бар.
Қолданыстағы зауыттар жаңа өндірістерге көпір бола алады
Сарапшы кеңестік кезеңнен қалған мыс балқыту кәсіпорындарын тек ескірген өндіріс ретінде қарастыру дұрыс емес деп есептейді. Жаңа кәсіпорындар іске қосылғанға дейін олар ел ішінде балқыту, тазарту, зертханалық құзыреттер мен ілеспе металдарды бөліп алу тәжірибесін сақтайтын өндірістік база бола алады.
Оның пікірінше, қолданыстағы кәсіпорындардың нақты резервтік қуатын барынша пайдалану қажет. Алайда бұл үшін шикізат технологиялық талаптарға сәйкес келіп, оны қабылдау кестесі тұрақты, ал коммерциялық шарттар ашық болуы тиіс.
Сонымен қатар қосымша өндірістік жүктеме ескі технологияларды сақтап қалуға емес, кәсіпорындарды жаңғыртуға бағытталуы қажет.
Ұзақмерзімді келісімдерден түсетін экономикалық тиімділіктің бір бөлігін жабдықтарды жөндеуге, энергия тиімділігін арттыруға, күкіртті ұстау жүйелерін жетілдіруге, су айналымын жақсартуға және зиянды шығарындыларды азайтуға бағыттау маңызды.
Бұл қазіргі өндірістік көлемдерді өңдеумен қатар қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға және болашақ зауыттарға қажетті мамандарды сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Сарапшы резервтік өндірістік қуат тәуелсіз түрде расталуы тиіс деп есептейді.
Әр кәсіпорын бойынша оның нақты жүктемесі, жоспарланған жөндеу жұмыстары, өңдеуге болатын концентраттың құрамы, шикізатты қабылдау мерзімі және экологиялық шектеулері ескерілуі қажет.
Инвесторға тұрақты әрі түсінікті шарт қажет
Металлургиялық зауыт салу қомақты инвестицияны қажет етеді және оған салынған қаражаттың қайтарымы ұзақ жылдарға созылады. Сондықтан инвесторлар мен қаржы ұйымдары үшін шикізаттың тұрақты жеткізілуі, өндірістік қуаттың болжамды жүктемесі және кәсіпорын іске қосылғаннан кейінгі табыстылығы маңызды.
Нұрбол Жүсіповтің пікірінше, шикізат жеткізу жөніндегі ұзақмерзімді келісімдер мен өңдеудің нақты шарттары кәсіпорындардың ақша ағынын болжамды етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа өндірістерді қаржыландыру мен қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту үшін маңызды.
Инвестицияның қайтарымы өндіріс көлемінің өсуі, шығындардың төмендеуі, металдарды барынша толық өндіру және экологиялық жаңғырту есебінен қамтамасыз етілуі тиіс.
Өңдеу тарифі қандай болуы керек?
Концентратты өңдеу энергияға, реагенттерге, жабдықтарды жөндеуге, қызметкерлерге және экологиялық инфрақұрылымға тұрақты шығынды қажет етеді.
Сарапшының айтуынша, өңдеу тарифі кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне, жабдықтарды жаңартуына және салынған инвестицияны қайтаруына мүмкіндік беретіндей болуы керек. Мұндай жағдай болмаса, қолданыстағы қуаттарды жаңғырту да, жаңа жобаларды қаржыландыру да қиындайды.
Бұл ретте тарифтің қалыптасу тетігі түсінікті әрі болжамды болғаны маңызды. Ағымдағы өңдеу шығындары мен жаңғыртуға бағытталатын қаражатты бөлек көрсету ұсынылады.
Осы арқылы мемлекет пен нарық қатысушылары жұмсалған қаражаттың өндірістік қуаттың өсуіне, шығарындылардың азаюына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына қаншалықты әсер еткенін бағалай алады.
Жаңа зауыт – өңір үшін жаңа мүмкіндік
Ірі металлургиялық кәсіпорынның құрылысы елдің өнеркәсіптік көрсеткіштеріне ғана емес, ол орналасқан қаланың экономикасына да тікелей әсер етеді.
Мәселен, Нұрбол Жүсіповтің есептеуінше, Балқашта 1 200 тұрақты жұмыс орнының құрылуы жөндеу, көлік, зертханалық қызмет, қоғамдық тамақтану және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларында қосымша сұраныс қалыптастырады. Бұл тапсырыстардың бір бөлігін жергілікті шағын және орта бизнес орындай алады.
Тұрақты жұмыс орындарының ашылуы жас мамандар мен отбасыларды өңірге тартуға ықпал етеді. Соның нәтижесінде тұрғын үйге, мектептерге, медициналық қызметке, көлік және коммуналдық инфрақұрылымға деген қажеттілік артады.
Сондықтан сарапшы ірі өндірістік жобаны қаланың инфрақұрылымын дамыту жоспарымен қатар қарастыру қажет деп санайды.
Жаңа өндірістің өңірге беретін экономикалық әсері жұмыс орындары, мемлекеттік сатып алулар мен салық түсімдерінің сол аймақта қалуына да байланысты.
Өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып келеді
2025 жылы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі елдегі өнеркәсіп өндірісінің ақшалай көлемінің жартысына жуығын қамтамасыз етті. Саладағы өсім 7,1%-ды құрады. Машина жасау, химия өнеркәсібі және дайын металл бұйымдарын өндіру бағыттарында екі таңбалы өсім тіркелді.
Нұрбол Жүсіповтің пікірінше, бұл көрсеткіштер экономиканы әртараптандырудың абстрактілі мақсат қана емес, нақты өндірістік үдеріске айналып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен бірге металлургия ел ішінде дамып келе жатқан салаларды шикізатпен және қажетті материалдармен қамтамасыз ететін біртұтас өндірістік тізбектің бөлігі болуы тиіс.
Сарапшы мемлекеттің отандық өндірісті қолдауын кез келген кәсіпорынды қандай жағдайда да сақтап қалу деп түсінбеу керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, басты міндет – Қазақстанда жаңа өндірістік кезеңдердің қалыптасуына, кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті болуына және қоғамға беретін экономикалық пайдасының артуына жағдай жасау.
Түпкі нәтиже шикізатты ел ішінде терең өңдеп, сапалы әрі бәсекеге қабілетті қазақстандық өнім шығару болуы тиіс. Өндірістік тізбектің неғұрлым көп бөлігі Қазақстанда қалыптасса, ел экономикасында қалатын қосылған құн, жұмыс орындары мен салық түсімдері де соғұрлым артады.