Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы оқушы тіркелген медициналық ұйым мен ауру анықталған мекемеде эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Петропавлдағы мектептердің бірінде оқитын 16 жастағы жасөспірімнен туберкулездің ашық түрі анықталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Qazaqstan Media порталына сілтеме жасап.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, оқушының ауруы флюорографиялық тексеру кезінде белгілі болған. Медициналық ұйымнан түскен шұғыл хабарламадан кейін ол ауруханаға жатқызылған.
«Жасөспірімге бактерия бөлетін туберкулездің ашық түрі (МБТ+) диагнозы қойылды. Қазір ол облыстық фтизиопульмонология орталығында арнайы ем қабылдап жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.
Мамандар инфекция ошағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізген. Қазір науқаспен байланыста болған адамдар, оның ішінде отбасы мүшелері, мектеп оқушылары мен мұғалімдері, сондай-ақ жасөспірім қаралған емхана қызметкерлері тексеріліп жатыр.
Бұдан бөлек, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы оқушы тіркелген медициналық ұйым мен ауру анықталған мекемеде эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.