$ 477.17  543.26  6.01

Банктер мемлекеттің есебінен күнін көріп келді: Реформа халықты шығыннан қорғай ма, әлде банк қызметін қымбаттата ма?

Міндетті жарналарды төлеу қабілеті жоғары ірі қаржы институттары нарықтағы өз позициясын одан әрі нығайтып, бәсекелестіктің төмендеуіне алып келуі ықтимал.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылдың қаңтарынан бастап төлем қабілеті жоқ банктермен жұмыс істеудің жаңа механизмін ресми түрде күшіне енгізеді. Халықаралық стандарттар мен Қаржылық тұрақтылық кеңесінің ұсынымдарына сәйкес әзірленген бұл модель мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қор қаражатын қиындыққа тап болған банктерді құтқаруға пайдалану тәжірибесіне нүкте қоюды көздейді.

Жылдар бойы отандық екінші деңгейлі банктер өздері жіберген стратегиялық қателіктер мен сауатсыз менеджменттің салдарынан туындаған шығындарды мемлекет есебінен жауып келуді әдетке айналдырған еді. Қаржылық жүйені сақтап қалу сылтауымен Ұлттық қордан триллиондаған теңге бөлініп, банк акционерлерінің жауапкершілігі кейінге ысырылып келді. Жаңа ережелер дәл осы теріс практиканы жоюға бағытталған.

Жаңа бекітілген модельге сәйкес, банк қаржылық тығырыққа тірелген жағдайда, ең алдымен оның акционерлері, инвесторлары және капиталға немесе арнайы борыштық құралдарға қаражат салған тұлғалар жауап береді. Барлық алғашқы шығындар мен залалдар осы тұлғалардың меншікті капиталы есебінен өтеледі. Бұл ретте мемлекеттік бюджет есебінен ақша бөлуге қатаң тыйым салынады.

Мемлекеттік ақшаны пайдалану мүмкіндігі тек ерекше жағдайларда, яғни жүйелі түрде маңызды деп танылған ірі банктерге қатысты ғана қарастырылған. Бірақ бұл жерде де мемлекеттің қатысуы шектеулі: үкімет банк капиталына уақытша кіріп, ұйымның қаржылық жағдайын тұрақтандырғаннан кейін, банкті ашық конкурс негізінде жаңа инвесторға міндетті түрде сатуы тиіс.

Егер проблемалық банк сатылғаннан кейін де мемлекеттің жұмсаған шығындары толық өтелмей қалса, қалған соманы жабу міндеті банк секторының өзіне жүктеледі. Нарықтағы барлық екінші деңгейлі банктер өздерінің міндеттемелер көлеміне пропорционалды түрде арнайы міндетті жарналар төлейді. Осылайша, реформа авторларының айтуынша, қаржылық дағдарыс шығындары қарапайым салық төлеушілердің қалтасына түспеуі тиіс.

Дегенмен, қаржы нарығын сарапшылар жүйенің ішкі кемшіліктеріне назар аударады. Екінші деңгейлі банктердің қазіргі қызметінде нақты секторды, оның ішінде өндірісті, ауыл шаруашылығын және шағын-орта бизнесті несиелендіру үлесі өте төмен деңгейде қалып отыр. Керісінше, банктер халыққа жоғары пайыздық мөлшерлемемен тұтынушылық қарыздар мен микронесиелер таратуды басты табыс көзіне айналдырған.

Сонымен қатар, банктердің басым бөлігі тәуекелі төмен қаржылық құралдарды, атап айтқанда Ұлттық банктің ноталары мен мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру арқылы кепілдендірілген пайда табуға дағдыланған. Нақты экономиканы қаржыландырудан қашу және халықты тұтынушылық несиеге батыру сектордың негізгі дисбалансы болып табылады.

Жаңа реформаның енгізілуі банктер үшін қосымша қаржылық жүктеме тудыратыны анық. Өз кезегінде банктер бұл шығындарды өтеу үшін тұтынушыларға ұсынатын қызмет көрсету комиссияларын, аударым тарифтерін және несие пайыздарын қымбаттатуы мүмкін. Бұл жағдай реформаның жанама салдарын қарапайым халықтың мойнына ілу қаупін тудырады.

Сонымен бірге, бұл модель орта және шағын банктерге қарағанда ірі банктерге артықшылық береді. Міндетті жарналарды төлеу қабілеті жоғары ірі қаржы институттары нарықтағы өз позициясын одан әрі нығайтып, бәсекелестіктің төмендеуіне алып келуі ықтимал.

Жаңа ережелердің қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні реттеуші органның банктердің қаржылық жағдайын алдын ала бағалау (стресс-тестілеу) сапасына және капиталын шетелге шығару тәуекелдерін бұғаттау деңгейіне тікелей байланысты болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#реформа #банк