$ 477.17  543.26  6.01

Петропавлда мектепте жөндеу жұмыстары кезінде екі әйел биіктен құлап кетті

Оқиға 29 шілде күні болған.

Фото: Әлеуметтік желіден
Фото: Әлеуметтік желіден

Олардың екеуі де Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында еден жуушы болып жұмыс істеген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қалалық бөлімінің мәліметінше, оқиға 29 шілде күні болған. Мектептегі косметикалық жөндеу жұмыстары кезінде екі әйел биіктіктен абайсызда құлап кеткен.

- Жазатайым оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі бірден жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырды. Зардап шеккендер медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олардың біреуі 2008 жылдан, екіншісі 2015 жылдан бастап еңбек етіп жатыр. Яғни бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқ. 6 шілде күні жұмысқа кіріспес бұрын қауіпсіздікпен танысып, қолдарын қойған, - дейді білім бөлімінің өкілдері.

Мамандардың айтуынша, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізілетін болады.

Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық басқармасының мәліметінше, Петропавлдағы қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматология пунктіне биіктіктен құлаған екі әйел шұғыл түрде жеткізілді. Екеуіне де жедел медициналық көмек көрсетіліп, қазіргі уақытта олар бөлімшеде ем қабылдап жатыр.

Біріншісі - 57 жастағы әйел. Ол шамамен 4-5 метр биіктіктен құлаған. Дәрігерлердің тексеруі барысында компьютерлік томография жасалып, омыртқаның кеуде және бел бөлімдерінің компрессиялық сынықтары анықталды.

Науқасқа ауырсынуды басатын ем жүргізілді. Сондай-ақ омыртқаны қозғалтпау мақсатында арнайы қатты қалқанға жатқызылды.

Зардап шеккен екінші әйел 54 жаста. Ол да шамамен 4-5 метр биіктіктен құлаған. Науқаста ашық сынық болып, бірден хирургиялық өңдеу операциясы жасалды.

Мамандардың айтуынша, тексеру барысында әйелге бас-ми жарақаты және аяқ-қолдарының көптеген сынығы бар ауыр аралас жарақат диагнозы қойылды. Емдеу барысында гипстік лонгета салынып, сүйектердің дұрыс бітуін қамтамасыз ету үшін қаңқалық тарту әдісі қолданылды. Операциядан кейін науқастың жағдайы тұрақты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0