$ 489.33  566.3  6.74

«Қазіргі ру-тайпалардың барлығы Алтын Орда дәуірінде қалыптасты» — тарихшы (ВИДЕО)

"Алаш мемлекеті де, Алаша хан да тарихта болған".

Тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында қазақ тарихы мен Алтын Орданың байланысы туралы пікір білдірді. Сондай-ақ ол қазақ шежіресінің қалыптасуы мен Ясауи жолының тарихи маңызына тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тарихшының айтуынша, қазақ даласында әулиелердің көп шығуы Ясауи ілімінің ықпалымен байланысты. Ол Мөңкі би мен Тайжан би секілді тұлғалардың болашақты болжағандай көрінетін сөздерінің астарында ерекше таным жатқанын айтты.

«Алтын Орданың күшті болуының бір сыры осында. Бұл әлем тарихындағы ең әділ әрі ұлы мемлекеттердің бірі болды. Қазіргі қазақ ру-тайпаларының көпшілігі сол кезеңде қалыптасты. Ал жүздер Ясауи жолының рухани тазалығын сақтайтын құрылым ретінде құрылған. Ясауи жолының дәстүрлеріне қарсы шыққан адамдар қоғамнан аластатылып отырған», – деді Зікірия Жандарбек.

Оның сөзінше, халық арасында сақталған аңыздар мен жыр-дастандардың негізінде тарихи шындық жатыр.

«Аңыздар мен эпостар халықтың рухын көтеретін құрал ретінде бүгінге дейін қызмет етіп келеді. Қазіргі қазақ шежіресінің бастауы да Ясауи жолымен байланысты», – деді ол.

Сондай-ақ тарихшы Алтын Орданың мемлекеттік жүйесіне қатысты пікірін білдірді.

«Алтын Орданың мемлекеттік жүйесі ең алдымен Өзбек ханның ұлдарына ұнамады. Себебі бұл жүйеде абсолюттік билік болған жоқ. Ал Жәнібек ханға абсолюттік билік қажет болды. Сондықтан ол Ясауи жолын ұстанушыларға қарсы шықты», – деді ғалым.

Сұхбат барысында Зікірия Жандарбек Алаш мемлекеті мен Алаша ханның тарихи тұлғалар болғанын да атап өтті.

«Алаш мемлекеті де, Алаша хан да тарихта болған. Бірақ біз оны толық мойындай алмай келеміз. "Алаш" деп жиі айтамыз, алайда бұл атаудың шығу төркініне терең мән бере бермейміз», – деді ол.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0